- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанттары Түркияда ғылыми ынтымақтастықты нығайтты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанттары Түркияда ғылыми ынтымақтастықты нығайтты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының «8D02210 – Археология» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанттары Қалшабаев Айдос пен Шарипов Ринат Түркия Республикасына ғылыми іссапар аясында барып, халықаралық деңгейдегі ғылыми байланыстарды кеңейту бағытында маңызды кездесулер өткізді.
ылыми іссапар барысында жас зерттеушілер Анкара қаласындағы Хажы Байрам Вели университетінің «Мәдени мұраларды қорғау және қалпына келтіру» бөлімінің зертханасында болып, аталған зертхананың директоры, PhD, профессор Яшар Селчук Шенермен және PhD, профессор, шетелдік ғылыми кеңесші Атақан Ақшаймен кездесті. Кездесу барысында тараптар археология саласындағы өзекті ғылыми мәселелерді, сондай-ақ докторанттардың диссертациялық зерттеулерінің негізгі бағыттарын жан-жақты талқылады.
Кездесудің басты мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін меңгеру болды. Осы тұрғыда тараптар археологиялық мұраларды сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерде жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану перспективалары қарастырылды.
Талқылау барысында археология ғылымында қазіргі таңда туындап отырған маңызды мәселелердің бірі – мәдени мұра объектілерін сақтау мен оларды болашақ ұрпаққа жеткізу екені атап өтілді. Осы бағытта жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы археологиялық деректерді өңдеу, талдау және интерпретациялау мүмкіндіктері кеңейетіні сөз болды. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Докторанттар өздерінің ғылыми жұмыстарының аралық нәтижелерін таныстырып, халықаралық сарапшылардан кәсіби пікірлер мен ұсыныстар алды. Шетелдік ғалымдар зерттеулердің ғылыми маңыздылығын атап өтіп, олардың практикалық құндылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, бірлескен жарияланымдар дайындау және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту мәселелері де талқыланды.
Аталған кездесу халықаралық ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық жас ғалымдардың әлемдік ғылым кеңістігіне интеграциялануына оң ықпал етеді. Бұл бастама археология саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашады деп күтілуде.
Басқа жаңалықтар