Жас ғалымдар халықаралық конференцияда ғылыми нәтижелерін ұсынды — ҚазҰУ

91ý

Жас ғалымдар халықаралық конференцияда ғылыми нәтижелерін ұсынды

10 сәуір 2026
Жас ғалымдар халықаралық конференцияда ғылыми нәтижелерін ұсынды

 

2026 жылғы 8–10 сәуір күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институтында «Қазақстан флорасының ботаникалық әртүрлілігін зерттеу: дәстүрлер мен заманауи зерттеу бағыттары» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Аталған маңызды ғылыми іс-шара көрнекті ботаник, ғылым қайраткері М.С. Байтеновтің 100 жылдығына арналды.

Конференцияға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген жас зерттеушілер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми қызметкерлер қатысты. ылыми басқосу жас ғалымдардың тәжірибе алмасуына, өзекті зерттеулерін таныстыруына және кәсіби байланыстарын кеңейтуіне үлкен мүмкіндік берді. Бұл іс-шараға Ботаника және агроэкология кафедрасының өкілдері де белсенді қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен зерттеу бағыттарын таныстырды.

Конференция бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды болды. Алғашқы күні пленарлық отырыс ұйымдастырылып, онда ботаника ғылымының дамуы, Қазақстан флорасын зерттеудің дәстүрлі және заманауи бағыттары, сондай-ақ ғылыми мұраны сақтау мәселелері кеңінен сөз болды. Пленарлық отырыста айтылған ойлар мен көтерілген ғылыми мәселелер кейінгі секциялық отырыстарда жалғасын тапты.

Келесі күні өткен секциялық мәжілістерде қатысушылар өсімдіктер систематикасы, флористика, интродукция, геоботаника, экология, молекулалық-генетикалық талдау және биоинформатика бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Осы ғылыми алаңда Ботаника және агроэкология кафедрасының ғылыми әлеуеті де көрініс тауып, кафедра атынан ұсынылған зерттеу жұмыстары көпшілік назарын аударды.

Конференция аясында мен, Анеля және Даулет баяндама жасап, өз зерттеу нәтижелерімізді ұсындық. Баяндама барысында зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, қолданылған әдістер, алынған нәтижелер және олардың ғылыми-практикалық маңызы жан-жақты баяндалды. Ұсынылған жұмыс конференция қатысушылары тарапынан қызығушылық тудырып, мазмұнды пікір алмасуға негіз болды. Бұл ретте аталған баяндаманың дайындалуы мен ұсынылуы Ботаника және агроэкология кафедрасының ғылыми-зерттеу бағытымен тығыз сабақтас екенін ерекше атап өткен жөн.

Ботаника және агроэкология кафедрасы бүгінгі таңда жас зерттеушілердің ғылыми бастамаларын қолдап, олардың кәсіби дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды академиялық орта қалыптастырып келеді. Конференция барысында кафедраның білім алушылары мен жас ғалымдары өздерінің теориялық дайындығын ғана емес, практикалық және зерттеушілік құзыреттерін де көрсете білді. Мұндай ғылыми жиындар кафедра өкілдері үшін жаңа идеялар ұсынуға, өзекті мәселелерді талқылауға және зерттеу нәтижелерін кең аудиторияға таныстыруға жол ашады.

Сонымен қатар, мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар Ботаника және агроэкология кафедрасының академиялық беделін арттыруға, кафедраның ғылыми байланыстарын нығайтуға және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Жас зерттеушілердің осындай конференцияларға қатысуы олардың ғылыми дүниетанымын кеңейтіп, саладағы жаңа бағыттармен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

Конференция бағдарламасы аясында қатысушылар үшін ботаникалық баққа экскурсия да ұйымдастырылды. Сонымен бірге 10 сәуір күні қатысушыларға арналған «Tamgaly Petroglyphs» бағыты бойынша экскурсия жоспарланған. Бұл мәдени-танымдық бөлім конференцияның ғылыми мазмұнын толықтырып, қатысушылардың бейресми ортада пікір алмасуына жағдай жасады.

Іс-шара қорытындысында халықаралық конференция жас ғалымдар үшін маңызды диалог алаңы болғаны анық байқалды. Осындай ғылыми кездесулер білім мен тәжірибе алмасуды күшейтіп қана қоймай, болашақ зерттеулердің бағыт-бағдарын айқындауға да әсер етеді. Ботаника және агроэкология кафедрасы үшін де бұл конференция ғылыми ізденістерді жаңа деңгейге көтеруге, жас зерттеушілерді ынталандыруға және отандық ғылымның дамуына үлес қосуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы