«Study in Kazakhstan» – талапкерлерге жаңа мүмкіндіктер алаңы — ҚазҰУ

91ý

«Study in Kazakhstan» – талапкерлерге жаңа мүмкіндіктер алаңы

13 сәуір 2026
«Study in Kazakhstan» – талапкерлерге  жаңа мүмкіндіктер алаңы

«Сапалы білім» атты тұрақты дамудың №4 мақсаты аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында 2026 жылдың 13 сәуірінде «Study in Kazakhstan» атты танымдық әрі кәсіби бағдар беру шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Алматы қаласының түрлі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, өз оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен мамандықтарын кеңінен таныстырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – талапкерлер мен мектеп бітіруші түлектерге еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім беру мүмкіндіктерін таныстыру, кәсіби бағдар беру, болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт-бағдар ұсыну, сондай-ақ отандық жоғары білім беру жүйесінің артықшылықтарын насихаттау болды.

Шара барысында қатысушылар әртүрлі университеттердің өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, ұсынылатын мамандықтар, оқу үдерісінің ерекшеліктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен студенттік өмір туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының мамандары талапкерлердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіби бағдар беру тұрғысынан маңызды кеңестер ұсынды.

Кездесу аясында қатысушылар Әл-Фараби кітапханасы базасында ұйымдастырылған арнайы көрме аймақтарын аралап, әр оқу орнының ғылыми-білім беру әлеуетімен танысты. Бұл өз кезегінде жастардың жоғары білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ кәсіби жолын айқындауға оң ықпал етті.

Іс-шара ашық әрі интерактивті форматта өтіп, қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Мұндай мазмұндағы кездесулер талапкерлердің ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың саналы кәсіби таңдау жасауына мүмкіндік береді.

Солтанаева Е. М.