Стоматологиялық қорқыныш және оны жеңу тәсілдері — ҚазҰУ

91ý

Стоматологиялық қорқыныш және оны жеңу тәсілдері

29 қазан 2025
Стоматологиялық қорқыныш және оны жеңу тәсілдері

2025 жылғы 29 қазанда Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының оқытушысы Борбасова Гульнур Нурсайынқызының ұйымдастыруымен тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында «Стоматологиялық қорқыныш және оны жеңу тәсілдері» атты танымдық іс-шара өткізілді. Іс-шараға «Стоматология» мамандығының 24-03 қазақ тобының 2 курс студенттері белсенді қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге стоматологиялық қорқыныштың (дентофобияның) мәнін түсіндіру, оның пайда болу себептерін талдау, сондай-ақ оны жеңудің тиімді психологиялық тәсілдерімен таныстыру болды. Сонымен қатар, болашақ кәсіби қызметте пациенттің психологиялық жағдайын ескере отырып әрекет ету дағдыларын қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

Іс-шара барысында студенттер стоматологиялық қорқыныштың пайда болу факторларын жүйелі түрде талқылады. Негізгі себептер ретінде өткен жағымсыз тәжірибе, ауырсынудан қорқу, белгісіздік жағдайы және дәрігерге деген сенімнің жеткіліксіздігі аталды. Сонымен қатар, бұл қорқыныштың адамның психоэмоционалдық жағдайына әсер етіп, медициналық көмектен бас тартуға және жалпы денсаулық жағдайының нашарлауына алып келуі мүмкін екендігі көрсетілді.

Теориялық материалдармен қатар, студенттер ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, стоматологиялық қорқынышты жеңудің заманауи әдістерін ұсынды. Атап айтқанда, релаксация тәсілдері, тыныс алу жаттығулары, когнитивті-мінез-құлықтық әдістер және пациентпен тиімді коммуникация орнатудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Іс-шара интерактивті форматта өтті. Қатысушылар психологиялық тренингтерге қатысып, рөлдік ойындар арқылы «дәрігер–пациент» қарым-қатынасын модельдеді. Бұл тәжірибелік жұмыс студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, сондай-ақ эмпатия, түсіну және қолдау көрсету қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік берді.

Топтық талқылаулар барысында студенттер өз пікірлерін ашық білдіріп, тақырып бойынша әртүрлі көзқарастармен алмасты. Мұндай пікір алмасу сыни ойлау қабілетін дамытуға және мәселені кешенді түрде қарастыруға ықпал етті.

Іс-шара соңында қатысушылар стоматологиялық қорқынышты жеңудің маңыздылығын тұжырымдап, алынған білімді болашақ кәсіби тәжірибеде қолдануға дайын екендіктерін көрсетті. Жалпы алғанда, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бұл шара студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға және кәсіби құзыреттілігін арттыруға елеулі үлес қосты.