ҚазҰУ-да THE сарапшыларымен стратегиялық сессия өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Times Higher Education (THE) агенттігінің өкілдері – кеңесші Шираз Хасан мен бас кеңесші Луиз Лидің қатысуымен ауқымды сараптамалық сессия өтті.
Бірімжанов атындағы залда ұйымдастырылған семинар әлемдік университеттер рейтингінің нәтижелерін терең талдаудан басталып, жоғары оқу орнының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ұласты.

Жиын барысында Шираз Хасан рейтингтің жай ғана сандар жиынтығы емес, университет шындығын көрсететін маңызды индикатор екенін атап өтсе, Луиз Ли жетекші оқу орындары үшін бұл көрсеткіштер стратегиялық шешім қабылдауға көмектесетін тиімді құрал болуы тиіс екенін алға тартты. Кездесу барысында университеттің мақсаттарын WUR рейтингінің көрсеткіштерімен сәйкестендіру және оларды тәжірибеде тиімді қолдану мәселесі жан-жақты талқыланды.

Практикалық бағытта жалғасқан талқылаулар аясында зерттеу және оқыту саласындағы қызметкерлермен фокус-топ жұмыстары жүргізіліп, оқу үдерісі, ғылыми қызмет және халықаралық ынтымақтастық арасындағы өзара байланыс жан-жақты сараланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл білім беру сапасы, ғылыми жарияланымдар белсенділігі және жаһандық ғылыми желілерге қатысу арасындағы өзара байланысты айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар халықаралық байланыстарды үйлестіруші мамандармен өткен кездесуде сыртқы мүдделі тараптармен тұрақты әрекеттесу тетіктері мен стратегиялық серіктестіктердің университеттің ұзақ мерзімді дамуына тигізер әсері талқыланды. Мазмұнды стратегиялық диалог форматында өткен сессия университет беделін нығайту мен білім беру сапасын арттырудың нақты бағыттарын айқындап берді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар