ТҰРАҚТЫ ДАМУ БОЙЫНША РЕСЕЙЛІК ӘРІПТЕСТЕРМЕН КЕЗДЕСУ
ЮНЕСКО-ның тұрақты даму кафедрасында профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттардың Ресей Федерациясының Мемлекеттік басқару университетінің (МБУ РФ) әріптестерімен жұмыс кездесуі өтті.
Ресейлік ғалымдар Екатерина Федоровна Шамаева мен Андрей Аркадьевич Головин «ФАРАБИ ӘЛЕМІ» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы аясында көшбасшылық дәрістер оқу үшін шақырылды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті, тұрақтылықты, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ШЫҰ аясында Ресей университеттерімен өзара әрекеттесуде. Осы бағытта жобаларымызды ілгерілетуге үлкен мүмкіндіктер бар деп ойлаймын», — деді география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Алия Сағындыққызы Ақтымбаева.
Алдын ала өткізілген к.т.н., доцент Шамаева Е.Ф.-ның «Әлем елдері мысалында өңірлік тұрақты дамуды жүйелі-энергетикалық модельдеу» атты шеберлік сабағы және к.э.н., доцент Головин А.А.-ның «П. Кузнецов – Б.Е. Большаков ғылыми мектебінің қағидаттары негізінде халықтың өмір сүру сапасының энерго-экологиялық өлшемі» атты ғылыми семинары география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушылары мен студенттері арасында үлкен қызығушылық тудырды. 
Басталған ғылыми пікірталасты жалғастырып, мәскеулік мамандардың зерттеулерімен тереңірек танысу, сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын айқындау қажеттілігі туындады. Әсіресе, ЮНЕСКО кафедрасының бұрын «Дубна» мемлекеттік университетімен тұрақты инновациялық даму саласында бірлескен жобалар тәжірибесі болғанын ескерсек, бұл кездесу ерекше маңызды болды.
ЮНЕСКО-ның тұрақты даму кафедрасының меңгерушісі, профессор Тұрсынкүл Аманкелдіқызы Базарбаева қонақтарды кафедра қызметімен, оның қызметкерлерімен, оқу процесі мен ғылыми жобаларды басқаруға арналған Univer автоматтандырылған ақпараттық-білім беру жүйесімен таныстырды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін жасыл өсу тұрғысынан дамытуға арналған Мега-грант нәтижелері ұсынылып, қонақтар тарапынан жоғары бағаланды.
Кездесу барысында техносфералық қауіпсіздік, табиғатты пайдалануды басқарудағы жүйелік талдау, экология, экономика, энергетика және әлеуметтік факторлардың өзара байланысы, сондай-ақ экология, геоэкология және тіршілік қауіпсіздігі салаларындағы сапалы білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
МБУ РФ өкілдері өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық және энерго-экологиялық дамуын мониторингтеу мен басқаруға арналған жаңа пәнаралық әдістер, цифрлық модельдер мен құралдарды әзірлеу, Марий мемлекеттік университетінде, Алтай өңірінде жүзеге асырылып жатқан жобалар, П.Г. Кузнецов атындағы халықаралық ғылыми мектептің еңбектері, сондай-ақ жастарды ғылым мен кәсіби білім беруге тарту тәжірибесімен бөлісті.
Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО кафедрасының оқытушылары ERASMUS халықаралық жобалары аясында микробіліктіліктерді білім беру бағдарламаларына енгізу, экологиялық білім беруде ГИС-технологияларды қолдану, биологиялық қауіпсіздік жобасының нәтижелері және басқа да тәжірибелерімен бөлісті. 
Кездесуге кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, PhD Байботаева А.Д., профессор Тжібаева Т.Л., зерттеуші-профессор Садырова Г.А., доцент Бергенева Н.С., аға оқытушылар Курбанова Л.С., Зубова О.А., Минжанова Г.М., Ошақбай А.А., сондай-ақ докторанттар Әлімұратқызы Айтолқын мен Шаймаханова Әсем қатысты.
Кездесу нәтижесінде ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған нақты келісімдерге қол жеткізілді. Тараптар «ҚазҰУ хабаршысы. География сериясы» журналында және Scopus базасында индекстелетін жоғары рейтингті халықаралық басылымдарда бірлескен ғылыми мақалалар дайындауға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар докторанттарды ғылыми-зерттеу және жарияланымдық қызметке белсенді тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ академиялық ұтқырлық пен тағылымдамаларды ұйымдастыру, оның ішінде Еуразиялық желілік университет аясында жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Халықаралық конференцияларға қатысуды жандандыру, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытында бірлескен вебинарлар мен онлайн-семинарлар өткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Тұрақты даму бойынша
ЮНЕСКО кафедрасының профессоры
Тжібаева Тамара Лашкарқызы
Басқа жаңалықтар