ӨЗІҢДЕГІ ӨНЕРІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ — ҚазҰУ

91ý

ӨЗІҢДЕГІ ӨНЕРІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ

14 сәуір 2026
ӨЗІҢДЕГІ ӨНЕРІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ

ТДМ-4 бағыты аясында Филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ассистент профессоры Серікбай Қосановтың жетекшілігімен «8D02304 – Әдебиеттану» мамандығының 1-курс докторанты Г.С. Молдаханова «Өзіңдегі өнеріңді құрметте» тақырыбындағы Ашық тәрбие сағатын белгілі тұлғамен шығармашылық кездесу және пікір алмасу түрінде өткізді. Білім алушы жастармен кездесуге М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық театрының дарынды актері Сафуан Шаймерденов шақырылды.

Ашық тәрбие сағатының мақсаты: Шығармашылық кездесу барысында әдебиет пен өнердің байланысы туралы әңгімелей отырып, театр тынысы, актердің сахнадағы өмірі, пъесалардың мазмұнына қатысты ақпаратпен бөлісу көзделді. Сонымен қатар, жас ұрпақтың рухани әлемі мен мәдениетін қалыптастырудағы театрдың маңызын түсіндіріп, өнерді құрметтеуге үйрету.

Ашық тәрбие сағатының міндеттері:

- Студенттердің бойындағы адамгершілік қасиеттері мен рухани құндылықтарын дамыту;

- Актердің шығармашылығы негізінде сахна өмірі мен театр мәдениетін түсіндіру;

  • Студенттердің өзара ұйымшылдық қасиеттерін, шығармашылық шеберліктерін дамытуға атсалысу.

Ашық тәрбие сабағына қатысып, актермен кездесуді ұйымдастыруда ҚазҰУ-дың докторанттары: Т.Ешімов, Г.Молдаханова, М. Дайрабай, Н. Жексенбай, Л. Ноғайбекқызы белсенділік танытты, Студенттер актерге сахна мәдениеті, актерлік шеберлік, театр репертуары және жалпы өнер туралы түрлі сауалдар қойды. Әсіресе, Шекспирдің «Кароль Лир» трагедиясындағы Сайқымазақ, Чеховтың «Шағаласындағы» Доктор Дорн, Шекспирдің «Гамлетіндег» Полоний рөлдеріне қатысты сұрақтардың жауаптары студенттердің қызығушылығын күшейте түсті. Актердің өнерге келу тарихы, жеке өмірі туралы деректер де кездесуге қатысушыларға терең ой салды. Расында, Әдебиет пен өнер егіз ұғым және жастарды мәдениетке тәрбиелеуде театр өнерінің маңызы зор.

Ашық тәрбие сағатының соңында қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушысы, ф.ғ.к. Серікбай Қосанов белгілі актер Сафуан Шаймерденовке алғыс айтып, үлкен өнерде сәттілік тіледі. Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі м.а., ф.ғ.к. Самал Дәрібаев қорытынды сөз сөйлеп, құрметті қонаққа М.Әуезовтың «Қилы заман» кітабын сыйға тартты.