2026 жылғы 9 сәуірде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетелдіктерді тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында маңызды мәдени-танымдық іс-шара болып өтті. «Сапалы білім беру» тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында кафедра оқытушылары «Денсаулық» спорт клубымен бірлесіп, еліміздің тарихындағы ең танымал мәнерлеп сырғанаушы — Денис Теннің құрметіне арналған кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараны 16, 17 және 18-топтардың кураторлары Г.Ә. Машинбаева, Р.И. Дүйсенбаева, Г.Ә. Мұсаева және М.П. Ешімов ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты — шетелдік тыңдаушыларды атақты спортшының өмірбаянымен таныстырып қана қоймай, Денис Теннің жетістіктері арқылы Қазақстанның қазіргі мәдениеті мен құндылықтарына терең бойлау болды.
Бағдарлама екі негізгі бағытты қамтыды: елтанымдық және тәрбиелік. Бірінші бөлімде тыңдаушылар Денис Теннің әлемдік аренада еліміздің атын қалай шығарғаны туралы ақпарат алды. Екінші бөлімде салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілді: ұйымдастырушылар Денистің қайсарлығы мен тәртібін үлгі ете отырып, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.
Кездесуде факультет түлегі, Жапония азаматы Эбина Мисакидің тарихы ерекше атап өтілді. Денис Теннің таланты мен тұлғалық қасиеті жапон қызының тағдырына тікелей әсер еткен: ол спортшының арқасында Қазақстанға келіп, қазақ және орыс тілдерін үйренуге шешім қабылдаған. Бұл мысал спорттың елдер мен мәдениеттерді біріктіруші күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл шара тыңдаушылардың білімін толықтырып қана қоймай, олардың тілдік ортаға бейімделуіне және Қазақстанның ұлттық құндылықтарына деген құрметін арттыруға септігін тигізді.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының
аға оқытушысы Г.Ә. Машинбаева
Басқа жаңалықтар