ҚазҰУ студенттері анатомия бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлеріFarabi University

91ý

ҚазҰУ студенттері анатомия бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлері

15 сәуір 2026
ҚазҰУ студенттері анатомия бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлері

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетінің студенттері тағы да өздерінің жоғары академиялық деңгейін, ғылымға деген қызығушылығын және кәсіби дамуға деген ұмтылысын дәлелдеп, Республикалық анатомиялық студенттік олимпиадада университет намысын лайықты қорғады. Аталған білім сайысы көрнекті ғалым, академик, профессор Алшынбай Рақышевтің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген дарынды медицина студенттерін бір арнаға тоғыстырды.

Олимпиадаға университет атынан медицина факультетінің 2 курс студенттері — Қалдан Т., Нургабулов М., Савранова С., Бабаева М., Адилбекова С. (қазақ тобы) қатысты. Команда жетекшісі Мукашева Меруерт Муратбековна ғылыми жетекшілігімен қатысушылар анатомия пәні бойынша теориялық білімдерін тереңдетіп, заманауи ғылыми дереккөздерді талдап, практикалық дағдыларын жетілдіру бағытында жүйелі әрі ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді.

Дайындық барысында студенттер өзара тәжірибе алмасып, күрделі тақырыптарды бірлесе талқылап, әрқайсысы өз қабілеттерін барынша ашуға мүмкіндік алды. Осындай үйлесімді командалық жұмыс пен табандылықтың нәтижесінде олардың еңбегі жоғары бағаланып, жүлделі 🥉 үшінші орынды иеленді. Бұл жетістік — тек білімнің ғана емес, сонымен қатар жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың және ұйымшылдықтың айқын көрінісі.

Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар үшін білім мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Іс-шара барысында студенттер ғылыми пікір алмасып, анатомия және медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, өз білімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, мұндай форматтағы байқаулар болашақ мамандардың кәсіби ойлау қабілетін дамытуға және олардың ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен септігін тигізеді.

Аталған жетістік әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде берілетін білім сапасының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдейді. Университетте қалыптасқан кешенді білім беру жүйесі студенттердің теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастырып, олардың жан-жақты дамуына бағытталған. Бұл үдерісте ғылыми жетекшінің қолдауы мен кәсіби бағыт-бағдары ерекше рөл атқарады.

Осындай ғылыми жарыстарға қатысу студенттердің сыни ойлауын дамытып, білімге деген қызығушылығын арттырады, сондай-ақ болашақ кәсіби қызметінде қажетті дағдыларды қалыптастырады.

Студенттер мен олардың ғылыми жетекшісін осы маңызды жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл табыс олардың болашақтағы үлкен жеңістерінің бастауы боларына сенімдіміз. Алдағы уақытта жаңа белестер мен шығармашылық табыс тілейміз!