- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Xinjiang University базасында өтетін халықаралық жазғы мектепке қатысуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Xinjiang University базасында өтетін халықаралық жазғы мектепке қатысуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары 2026 жылғы 7–20 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Синьцзян университетінде (Xinjiang University) ұйымдастырылып жатқан «Scientific and Technological Innovation & Teaching Activities on Arid Zone Geography» халықаралық жазғы мектебіне қатысуда. Білім беру бағдарламасы Chinese Government Scholarship аясында Синьцзян университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Satbayev University бірлесіп жүзеге асыруда.
Жазғы мектептің негізгі мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту, білім алушылар мен жас зерттеушілердің кәсіби құзыреттерін дамыту, сондай-ақ география, геоинформатика және Жерді қашықтықтан зондтау салаларындағы ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейту. Бағдарламаға аридті аумақтарды зерттеу және заманауи геокеңістіктік технологияларды қолдану бағытында жұмыс істейтін 28 студент пен оқытушы қатысуда.

Білім беру модулі ArcGIS бағдарламасын пайдалану, Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, LiDAR технологиялары, сондай-ақ құрғақ аймақтардағы табиғи және урбандалу үдерістерін зерттеудің заманауи тәсілдері бойынша дәрістерді, ғылыми семинарларды, зертханалық және далалық сабақтарды қамтиды. Сонымен қатар табиғи ресурстарды орнықты басқару, қоршаған орта мониторингі және үлкен геокеңістіктік деректерді өңдеудің инновациялық әдістеріне ерекше назар аударылуда.
ҚазҰУ өкілдерінің аталған бағдарламаға қатысуы университеттің білім беруді интернационалдандыру, ғылыми ұтқырлықты дамыту және жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлау жөніндегі стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Жазғы мектептің мазмұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен, атап айтқанда ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 6 «Таза су және санитария», ТДМ 11 «Орнықты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаттарымен үндеседі.

Айта кету керек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Синьцзян университеті арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді және екіжақты академиялық әріптестіктің маңызды бағытына айналды. 2024 жылы ҚазҰУ базасында Синьцзян университетінің студенттеріне арналған алғашқы халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылып, география және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл өз кезегінде бірлескен білім беру және ғылыми жобалардың дамуына жаңа серпін берді.
Осындай халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыру ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі беделін нығайтуға, халықаралық серіктестік желісін кеңейтуге және тұрақты даму, геоақпараттық технологиялар мен қоршаған ортаны зерттеу салаларында жоғары білікті мамандар даярлаудың озық тәжірибелерін ілгерілетуге ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар