ТДМ 4,8. Студенттік бюджетті қалай тиімді жоспарлауға болады?
15 сәуір күні Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде дайындық кафедрасының тыңдаушыларының қатысуымен «Студенттік бюджетті қалай тиімді жоспарлауға болады?» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шара студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталып, қазіргі заманның өзекті мәселесін қамтыды.
Тәрбие сағатының мақсаты – студенттерге жеке бюджетті дұрыс жоспарлау дағдыларын үйрету, қаржы қаражатын ұтымды пайдалану және қаржылық қиындықтардың алдын алу болды. Сонымен қатар табыс пен шығын арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілік пен үнемшілдікке тәрбиелеу мәселелеріне де назар аударылды.
Іс-шара барысында бюджет ұғымы және оның негізгі құрамдас бөліктері түсіндірілді. Студенттердің табыс көздері (шәкіртақы, ата-ананың көмегі, қосымша табыс) мен шығын түрлері қарастырылды. Тиімді үнемдеу жолдары ұсынылып, қаржылық жоспар құру, қарыздан сақтану және жинақ қалыптастыру бойынша кеңестер берілді.
Тәрбие сағаты интерактивті түрде өтті, бұл тыңдаушылардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Студенттер өз шығындарын талдап, артық жұмсалған қаражатты анықтап, топтық жұмыс барысында «мінсіз бюджет» үлгісін құрастырып, өз жобаларын ұсынды. Бұл алынған білімді тәжірибеде қолдануға жағдай жасады.
Нәтижесінде іс-шара мақсатына жетті: студенттер қаржылық сауаттылықтың маңызын түсініп, табыс пен шығынды жоспарлауды, сондай-ақ үнемдеу дағдыларын меңгерді.
Қорытындылай келе, бұл іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің болашақтағы қаржылық тұрақтылығына қажетті маңызды өмірлік дағдыларды дамытуға ықпал етті.