Ректор Қытайдағы қазақстандық студенттермен кездесті — ҚазҰУ

91ý

Ректор Қытайдағы қазақстандық студенттермен кездесті

15 сәуір 2026
Ректор Қытайдағы қазақстандық студенттермен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінде білімін жалғастырып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. ҚазҰУ базасында ашылған осы университеттің филиалында оқитын жастар қазіргі таңда Қытайда екінші курста оқуын жалғастыруда.

Жиынға Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ректоры Сун Баовэй, оқытушылар, қызметкерлер қатысты.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Қазақстан мен Қытайдың серіктестігі күн санап артып келе жатқанын атап өтті. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен ғылым және жоғары білім саласында әріптестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқарып жатқанын алға тартты. Университет базасында Қытаймен бірлескен түрлі бағыттағы зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылып отыр.

«ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Университетте ашылған қашықтықтан зондтау, суперкомпьютер, робототехника орталықтарында ауқымды ғылыми жобалар іске асырылып жатыр. Мұндағы инновациялық жобалар экология және экономика салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге өз үлесін қосады», – деді ректор.

Кездесуде цифрландыру, жасанды интеллект, инженерлік технологиялар және тұрақты даму бағыттарындағы бірлескен бастамаларға назар аударылды. Ректор қазақстандық студенттерге сапалы білім алу мен ғылыми ізденістің маңыздылығын баса айтып, жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті маман болу үшін халықаралық тәжірибені меңгеру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар студенттерді белсенділік танытып, жаңа білім мен дағдыларды игеруге шақырды. Сөз соңында ЖОО басшысы қазақстандық жастарға оқуларына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ректоры Сун Баовэй, Материалтану институтының директоры Фу Цяньган және Аэроғарыш институты партия комитетінің хатшысы Хуан Юэ сөз сөйлеп, өзара әріптестікті нығайтуға ниеттестік білдірді.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі