Ұлт көсемінің мұрасы жаңғырды — ҚазҰУ

91ý

Ұлт көсемінің мұрасы жаңғырды

15 сәуір 2026
Ұлт көсемінің мұрасы жаңғырды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алаш сөзінің ұлттық мінбері – «Қазақ» газеті» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Ауқымды шара ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай  ұйымдастырылды.

Конференция Алаш қозғалысының көшбасшысы, көрнекті публицист Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына, сондай-ақ журналистика факультетіндегі ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының 30 жылдығына арналды.

Жиынға белгілі алаштанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, медиа сарапшылар, жазушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар «Қазақ» газетінің ұлттық сананы қалыптастырудағы тарихи рөлін және Әлихан Бөкейханның отандық публицистиканы дамытуға қосқан үлесін талқылады. 

Конференцияға қатысушыларды журналистика факультеті деканының міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашева құттықтады. Декан «Қазақ» газетінің мұрасы бүгінге дейін сапалы әрі жауапты журналистиканың қағидаттарын қалыптастыруға негіз болып отырғанын айтты. Оның пікірінше, Әлихан Бөкейхан еңбектерін зерделеу ұлттық құндылықтарды заманауи коммуникациялық технологиялармен ұштастыра алатын жаңа буын мамандарын тәрбиелеу үшін аса маңызды.

Пленарлық отырыста академик Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Ұлықбек Есдәулет, ғалым Сұлтан Хан Аққұлы сынды тұлғалар баяндама жасап, Алаш мұрасының өзектілігін тереңінен талдады.  

ЮНЕСКО кафедрасының 30 жылдығы аясында сарапшылар медиа мамандарды даярлауда халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жаңа білім беру стандарттарын енгізу мәселелеріне де назар аударды. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі