Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі
2026 жылдың 3–7 сәуір аралығында Шымкент қаласы әлемдік математиканың нағыз эпицентріне айналды. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында өткен Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі 500-ге жуық отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосты. Жиынның ашылуында ҚР ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек заманауи жасанды интеллект пен цифрлық экономиканың бүкіл болмысы математикалық аппаратқа сүйенетінін қадап айтты. Конгресс аясында алты ірі халықаралық конференция өтіп, математикалық модельдеу мен ЖИ технологияларын жетілдірудің соны бағыттары айқындалды. ылыми бағдарламамен қатар, делегаттар Түркістан облысының Арыстанбаб кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кешені сияқты рухани орындармен танысып, ғылым мен тарихтың сабақтастығын сезінді.
Осы ауқымды жиынның ең маңызды оқиғаларының бірі — қазақ математикасының ақсақалы, академик Тынысбек Шәріпұлы Кәлменовтің 80 жылдық мерейтойы болды. Ғалымның есімі халықаралық деңгейде дифференциалдық операторлар теориясы мен олардың спектралдық қасиеттерінің реформаторы ретінде танымал. Ол 1969 жылы Новосібір мемлекеттік университетін бітіріп, А.В. Бицадзе мектебінің лайықты өкіліне айналды. 1983 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын қорғаған Тынысбек Шәріпұлының 100-ден астам іргелі еңбегі әлемдік рейтингі жоғары журналдарда жарияланған. Айта кетерлігі, 1996 жылы елімізде өткен алғашқы Конгрестің іргетасын қалап, оны ұйымдастыруға тікелей жетекшілік еткен де осы Кәлменов болатын.
Академиктің өмір жолында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орны бөлек. 1985–1991 жылдары ол математика факультетінің деканы ретінде білім ордасының ғылыми бағытын жаңа деңгейге көтерді. Оның жетекшілігімен 50-ден астам кандидат пен 13 ғылым докторы даярланып, бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған ірі ғылыми мектеп қалыптасты. Осы орасан еңбегі үшін университет басшылығы мен механика-математика факультеті мерейтой иесіне адрестік папка мен шапан табыстады.
Математика және математикалық модельдеу институты, сондай-ақ халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері академиктің іргелі ғылым мен технологиялық прогресті ұштастырудағы еңбегін ерекше атап өтті. Бұл марапаттар мен құттықтаулар – ғылымға арналған сегіз онжылдықтың, жас математиктер буынына берген бағдардың және қазақстандық математика мектебінің әлемдік деңгейдегі беделінің айқын көрінісі. Академик Кәлменов салған сара жол бүгінде заманауи цифрлық әлемнің жаңа белестеріне бастайтын сенімді темірқазыққа айналды.




Математика кафедрасы
Басқа жаңалықтар