Педагогикалық практика – жоғары мектепте тұрақты даму мақсаттарын іске асыру құралыFarabi University

91ý

Педагогикалық практика – жоғары мектепте тұрақты даму мақсаттарын іске асыру құралы

14 сәуір 2026
Педагогикалық практика – жоғары мектепте тұрақты даму мақсаттарын іске асыру құралы

Жоғары мектептегі педагогикалық практика білім алушыларды қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуге тартуға бағытталған тәрбие іс-шараларын ұйымдастыру арқылы Тұрақты даму мақсаттарын білім беру үдерісіне интеграциялаудың тиімді тетігі болып табылады. Бұл практиканың маңызды бағыттарының бірі – магистранттарда тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық белсенділік қағидаттары негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру құзыреттерін қалыптастыру.

2026 жылдың 14 сәуірінде география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенттері үшін Алматы ботаникалық бағында «Климаттық өзгерістер – тұрақты дамудың жаһандық сын-қатері» тақырыбында тәрбие іс-шарасы өткізілді. Іс-шараны «7М05207- Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранттары А. Алтынбек, О. Рагозина, З. Есмағұлова, А. Сағындықова педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Э.Т. Баярыстанованың жетекшілігімен ұйымдастырды.

Іс-шара өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ: Бас ботаникалық бақ ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау қызметін жүзеге асыратын ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылады. Бұл өз кезегінде қарастырылып отырған мәселелерді нақты табиғи орта жағдайында зерделеуге мүмкіндік берді.

Іс-шара ТДМ 4 «Сапалы білім» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарын іске асыруға арналды. Оның мақсаты – студенттердің білім берудің тұрақты дамудың негізі ретіндегі маңызы туралы түсініктерін кеңейту, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаның жай-күйі үшін жеке жауапкершілік сезімін дамыту болды.

Мазмұндық бөлімде аталған мақсаттардың мәні мен өзара байланысы, олардың қазіргі қоғамдағы рөлі талданды. Сапалы білім тек білім жүйесін меңгеруді ғана емес, сонымен қатар құндылықтық бағдарларды, сыни ойлауды және жауапты іс-әрекетке дайындықты қалыптастыратыны атап өтілді. Климаттық проблемалар контекстінде экологиялық білім беру экологиялық тәуекелдерді төмендетудің маңызды факторы ретінде қарастырылды.

Іс-шараның әдістемелік негізін интерактивті оқыту түрлері құрады: пікірталастар, проблемалық сұрақтар, ойын элементтері және табиғи нысандарды бақылау. Мұндай тәсіл студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуына, олардың коммуникативтік және аналитикалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарын күнделікті өмірмен байланыстыра білу қабілетін қалыптастыруға ықпал етті.

Осылайша, өткізілген іс-шара сапалы білім беру мен климаттық тұрақтылықтың өзара байланысын терең түсінуге, сондай-ақ студенттердің тұрақты болашақты қалыптастырудағы кәсіби даярлықтың маңызын ұғынуына мүмкіндік берді.