Тұрақты даму мақсаттарын жоғары мектептің тәрбие жұмысы жүйесіне интеграциялауFarabi University

91ý

Тұрақты даму мақсаттарын жоғары мектептің тәрбие жұмысы жүйесіне интеграциялау

13 сәуір 2026
Тұрақты даму мақсаттарын жоғары мектептің тәрбие жұмысы жүйесіне интеграциялау

2026 жылғы 13 сәуірде педагогикалық практика шеңберінде «7М05207-Метеорология» білім беру бағдарламасының магистранттары Д.С. Нам, Д.Е. Зарип, М.М. Тұрсын педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Э.Т. Баярыстанованың жетекшілігімен бакалавриаттың 2 курс студенттері арасында «Климаттық өзгерістер – тұрақты дамудың жаһандық сын-қатері» тақырыбында тәрбие іс-шарасын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – студенттерді БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ), әсіресе ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» бағытымен таныстыру, сондай-ақ климаттық өзгерістердің себептері, ауқымы мен салдары туралы түсінік қалыптастыру болды. Жердің орташа температурасының аз ғана көтерілуінің экожүйелерге, экономикаға және халық денсаулығына тигізетін әсерін талдауға ерекше назар аударылды.

Іс-шараның мазмұндық бөлімі жаһандық жылынудың ғылыми негіздерін, оның себептері мен салдарын қарастыруды қамтыды. Студенттерге климаттың өзгеруі және оның қоршаған орта мен адам өміріне әсері туралы жүйелі ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар болашақ метеорологтардың климаттық үдерістерді бақылаудағы, атмосфералық құбылыстарды талдаудағы және бейімделу шараларын әзірлеудегі кәсіби рөлі талқыланды.

Сабақ барысында проблемалық сұрақтарды анықтау және талқылау сияқты интерактивті оқыту әдістері қолданылып, бұл студенттердің белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, олардың сыни ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Аналитикалық бөлімде климаттың өзгеруінің салдарын азайтуға бағытталған шаралар қарастырылды: парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру.

Осылайша, өткізілген іс-шара студенттердің климаттық өзгерістердің жаһандық сипаты туралы тұтас түсінігін қалыптастыруға және ТДМ 13 аясында оны шешуге кәсіби тұрғыда қатысудың маңыздылығын ұғынуға мүмкіндік берді.