Қытай ғылым академиясымен ғылыми ықпалдастық тереңдейді — ҚазҰУ

91ý

Қытай ғылым академиясымен ғылыми ықпалдастық тереңдейді

16 сәуір 2026
Қытай ғылым академиясымен ғылыми ықпалдастық тереңдейді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай ғылым академиясына қарасты Синьцзян физика-химиялық технологиялар институтының делегациясымен ресми кездесу өтті. Басқосуда ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов шетелдік әріптестермен бірлескен жобалардың болашағын талқылады.

Кездесу барысында проректор Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бүгінде ғылым мен технология тұрақты дамудың негізгі тетігіне айналып отыр. «ҚазҰУ жетекші зерттеу университеті ретінде жаһандық ғылыми кеңістікке табысты интеграцияланды. Қазіргі таңда біз Қытайдың 90-нан астам ғылыми ұйымымен нәтижелі байланыс орнаттық. ылым саласындағы серіктестік – екі елдің ғалымдары мен инженерлерінің әлеуетін ұштастыратын маңызды дипломатиялық құрал», – деді Марғұлан Ибраимов.

Ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде ҚазҰУ базасындағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының жұмысын, сондай-ақ қашықтан зондтау және нанотехнологиялар бағытындағы бірлескен зертханаларды алға тартты.

Өз кезегінде Синьцзян физика-химиялық технологиялар институты директорының орынбасары Сун Чжэнвэнь әріптестікті дамытуға ниетті екенін білдірді. Ол институттың физика, химия және материалтану салаларындағы мол тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік деңгейдегі жетекші зертханалардың мүмкіндіктерін таныстырды. Қытай тарапы бірлескен зерттеулер жүргізуге және жас ғалымдар мен докторанттарды даярлау ісіне басымдық беруді ұсынды.

Сапар соңында делегация мүшелері университет музейін аралап, оқу орнының тарихымен танысты. Тараптар инновациялық бастамаларды ілгерілету жоспарын бекітті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі