Әдебиеттануды цифрландырудың өзектілігі дәйектелді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әдебиетті зерттеудегі трансдисциплинарлық тәсіл және цифрлық технологиялар дәуірінде әдебиеттанушыларды даярлау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
ылыми кітапхана қабырғасында өткен алқалы басқосуға Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжаннан келген жетекші ғалымдар, жазушылар, жасанды интеллект және цифрлық гуманитаристика саласының білікті мамандары жиналды.

Пленарлық отырысты ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева цифрлық трансформация жағдайында филологиялық білім беруді жаңғырту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, заманауи білім беру бағдарламалары классикалық пәндер мен деректерді өңдеудің жаңа құралдарын, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын ұштастыруы қажет. Проректор университеттің мәдени мұраны талдауда аналитикалық әдістерді қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын озық алаңға айналуы тиіс екенін жеткізді.

Филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова өз құттықтау сөзінде: «Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында әдебиеттану мен қазақ филологиясы қоғамның рухани тұрақтылығын қамтамасыз ететін, мәдени дамуды және тұлғаның құндылықтық бағдарын қалыптастыратын стратегиялық ресурсқа айналып отыр. Бұл конференцияның мақсаты – ҚР жоғары білім беру жүйесінде гуманитарлық білім беруді институционалдық тұрғыдан тереңдетудің бағытын айқындау», – деп пікір білдірді. Бұған қоса, факультет басшысы ақын-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжанға Дүкенбай Досжан атындағы Цифрлық филология ғылыми-шығармашылық орталығының ашылуына қосқан елеулі үлесі мен демеушілік қолдауы үшін алғыс айтты.

Конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар, жазушылар мен баспа ісінің мамандары өз баяндамаларын ұсынды. Шара аясында ұйымдастырылған «Қасым кітапханасы», «Отбасы хрестоматиясы» сынды жетекші баспалардың кітап көрмесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Жиын қорытындысы бойынша білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қарар қабылданды. Құжатта болашақ әдебиеттанушылар үшін арнайы шығармашылық емтихан енгізу, әдебиет тарихының бірыңғай кезеңдеу жүйесін әзірлеу және «әдеби агент», «әдеби коуч» және «сценарист-драматург» сияқты заманауи микробіліктіліктерді оқу бағдарламасына интеграциялау бойынша тың бастамалар қамтылған.

Қатысушылар әдебиетті қоғамның зияткерлік өзегі ретінде сақтау және оны зерттеу мен насихаттаудың жаңа әдістерін дамыту қажеттігі туралы ортақ байламға келді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар