ҚОРЫТЫНДЫ БАҚЫЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЗАМАНАУИ ЖҮЙЕСІFarabi University

91ý

ҚОРЫТЫНДЫ БАҚЫЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЗАМАНАУИ ЖҮЙЕСІ

16 сәуір 2026
ҚОРЫТЫНДЫ БАҚЫЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЗАМАНАУИ ЖҮЙЕСІ

2026 жылдың 15-ші сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының куратор-эдвайзерлері 1–3 курс студенттеріне арналған қорытынды бақылау ережелерін түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық кездесу ұйымдастырды. Аталған шара университеттің академиялық адалдық, сапалы білім беру және заманауи технологияларды тиімді пайдалану қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Кездесу барысында студенттерге онлайн және офлайн форматтағы емтихандарды өткізу тәртібі жан-жақты таныстырылды. Оқытушылар емтихан формасын таңдау, оны бекіту, сондай-ақ білім алушыларды алдын ала дайындау үдерістерінің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, Moodle және Univer ақпараттық жүйелері арқылы емтихан материалдарын уақытылы орналастыру талаптары ерекше атап өтілді. Бұл өз кезегінде студенттердің дайындық деңгейін арттыруға және оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, емтихан барысында академиялық адалдық қағидаларын сақтау – басты талаптардың бірі екені айтылды. Ұялы телефондар, смарт-сағаттар және басқа да көмекші құралдарды пайдалануға қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Ережелерді бұзған жағдайда «F» бағасы қойылып, тиісті акт толтырылатыны түсіндірілді. Бұл талаптар білім алушылардың жауапкершілігін арттырып, әділ бағалау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Кездесуде генеративті жасанды интеллектіні (GenAI) пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмады. Егер студенттер емтихан тапсырмаларын орындау барысында жасанды интеллект құралдарын қолданса, оны міндетті түрде дереккөз ретінде көрсету қажеттігі айтылды. Бұл ғылыми этика мен академиялық мәдениетті сақтаудың маңызды бөлігі болып табылады.

Емтиханды ұйымдастырудың техникалық және ұйымдастырушылық аспектілері де кеңінен талқыланды. Аудиторияларды дайындау, бейнебақылау жүйелерін қолдану, емтихан жұмыстарын шифрлеу және тексеру процестері нақты регламентке сәйкес жүзеге асырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін қосымша жағдайлар қарастырылатыны, олардың білім алуына тең мүмкіндік берілетіні айтылды.

Жалпы, бұл ақпараттық кездесу студенттерге алдағы емтихан сессиясына сапалы дайындалуға, ережелерді толық түсінуге және академиялық талаптарды сақтауға бағытталған маңызды қадам болды. Университет тарапынан ұсынылған бұл жүйелі тәсіл білім сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға ықпал етеді.

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.