«Жаңа Конституция және қазіргі қоғам» тақырыбында ғылыми-танымдық іс-шара өтті
2026 жылғы 15 сәуір күні сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «Жаңа Конституция және қазіргі қоғам» тақырыбында маңызды ғылыми-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара факультеттің 432 аудиториясында өтті.
Аталған кездесудің негізгі мақсаты – 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мазмұнын түсіндіру, оның мемлекетті жаңғыртудағы рөлін айқындау және «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайту мәселелерін талқылау болды.
Іс-шараға шығыстану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, докторанттар мен магистранттар белсенді түрде қатысты.
Кездесудің спикері ретінде заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы Сагинаев М.Е. сөз сөйледі. Ол «Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясы: салыстырмалы-құқықтық талдау» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, презентация ұсынды.
Лекция барысында жаңа Конституциядағы негізгі жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, билік тармақтарының өкілеттіктеріндегі өзгерістер, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен қамтылды. Сонымен қатар, қазіргі қоғам тұрақтылығының маңызды негізі ретінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының құқықтық тұрғыдан бекітілуіне ерекше назар аударылды.
Спикер жаңа Конституцияға сәйкес заңнамалық базаны жетілдіру бағыттарына тоқталып, бұл өзгерістердің билікті орталықсыздандыруға және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстандағы конституциялық реформалардың әлеуметтік-саяси өмірге ықпалын, елдің халықаралық имиджін қалыптастырудағы рөлін және сыртқы саяси байланыстарды дамытудағы маңызын талқылады. Әсіресе, азаматтардың құқықтарын қорғаудың практикалық аспектілері, жаңа құқықтық нормалар мен мемлекеттік институттардың қызметі үлкен қызығушылық тудырды.
Қорытындылай келе, мұндай мазмұндағы түсіндіру іс-шаралары университет қызметкерлері мен білім алушылары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.