«Жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық адалдық»
ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық адалдық» тақырыбында іс-шара өтті.
2026 жылғы 17 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, түркітану және тіл теориясы кафедрасының студенттерімен «Жасанды интеллект және құқық: Жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық адалдық» тақырыбында мазмұнды әрі өзекті іс-шара өтті. Кездесу интерактивті талқылау форматында ұйымдастырылып, білім алушылардың академиялық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды.

Іс-шара барысында жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде қолданудың құқықтық және этикалық қырлары кеңінен талқыланды. Қатысушылар академиялық адалдық ұғымының бүгінгі цифрлық кеңістіктегі жаңа мазмұнын саралап, жасанды интеллектіні пайдалану кезінде авторлық жауапкершілік, дереккөзге сілтеме жасау, өзіндік ойды сақтау және интеллектуалдық дербестікті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесудің практикалық бөлімінде студенттерге нақты жағдаяттар ұсынылып, олар әрбір жағдайды академиялық адалдық тұрғысынан талдады. Бұл жұмыс білім алушыларға тек теориялық түсінік беріп қана қоймай, нақты оқу тәжірибесінде адал және адал емес әрекеттердің аражігін ажыратуға мүмкіндік берді. Осындай формат студенттердің белсенді қатысуын арттырып, тақырыпты терең әрі саналы түрде меңгеруіне жол ашты.
Іс-шараның маңызды өзегі сыни ойлауды дамыту мәселесі болды. Қатысушыларға кез келген цифрлық құралды, соның ішінде жасанды интеллектіні де, дайын жауап көзі ретінде емес, саналы түрде қолданылатын көмекші ресурс ретінде қарастыру қажеттігі түсіндірілді. Студенттер ақпаратты талдау, салыстыру, күмәнмен қарау, өз ұстанымын қалыптастыру және әр шешім үшін жеке жауапкершілік алу қағидаларының маңызын терең түсінді.
Аталған іс-шара студенттер тарапынан жоғары бағаланып, өзектілігімен, практикалық маңызымен және ашық пікір алмасу алаңы ретінде ерекшеленді. Қатысушылар мұндай кездесулердің қазіргі жоғары білім кеңістігінде академиялық адалдық мәдениетін нығайтуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және жасанды интеллект дәуірінде жауапты тұлға қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы аға оқытушысы Контек Айым және «6В01706 Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 2 курс студенттері.
Басқа жаңалықтар