- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы кітабының тұсаукесері өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы кітабының тұсаукесері өтті
15 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында ТДМ-ның 17-ші «Тұрақты даму үшін серіктестік» бағыты бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доцент-зерттеушісі, белгілі ирантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекованың «Ортағасырлық Иран: Археография және дереккөздер (XIII–XVIII ғғ.)» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Бұл таныстырылымның мақсаты - Иран мен Үндістан қорларында сақталған Алтын Орда, Қазақ хандығы, сондай-ақ тұтастай алғанда Орталық Азия елдерінің тарихы, мәдениеті мен руханиятына қатысты құнды мәліметтерді қамтитын бірегей қолжазба жинақтарын ғылыми қауымға таныстыру.
Бұл таныстырылымға белгілі ғалымдар, студенттер, оқырман қауым қатысты. Шарада Алматы қаласындағы Иран Мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде мырза, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Қ.Е. Төрәлі, белгілі шығыстанушы ғалым, профессор К.Ш. Хафизова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы С.Т. Джакубаева құттықтап сөз сөйледі.
Бұл шараның барысында болашақта Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Орталық ғылыми кітапхана қорларында сақталған парсы тіліндегі қолжазбалар мен сирек кітаптарды да зерттеу қажеттігі көтерілді.
Ирантану бөлімінің меңгерушісі
Айман Жұбатқанқызы Боранбаева

