«Бухгалтерлік есеп тарландары» халықаралық пәндік студенттік олимпиадасы өтті — ҚазҰУ

91ý

«Бухгалтерлік есеп тарландары» халықаралық пәндік студенттік олимпиадасы өтті

16 сәуір 2026
«Бухгалтерлік есеп тарландары» халықаралық пәндік студенттік олимпиадасы өтті

2026 жылғы 15 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақта Даму Мақсаты 4 – Баршаға сапалы білім» Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаты аясында жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Бухгалтерлік есеп тарландары» атты халықаралық пәндік олимпиада ұйымдастырылды.

Ауқымды білім сайысының мақсаты – студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту. Сонымен қатар, олимпиада қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін ашуға, сыни ойлау дағдыларын дамытуға және командалық жұмыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Білім сайысы студенттердің өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби қызығушылықтарын арттыруға және бухгалтерлік есеп саласына деген ынтасын күшейтуге үлкен мүмкіндік берді.

Іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенттерімен қатар, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген қатысушылар қатысты. Бұл олимпиада халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар түрлі білім беру бағдарламалары бойынша дайындалып, өздерінің кәсіби дайындық деңгейін көрсетуге мүмкіндік алды.

Олимпиада үш кезең бойынша өтті. «Бухгалтерия әлемі» кезеңінде қатысушылар мамандықтың маңызын ашатын креативті бейнероликтерін ұсынды. Бұл кезеңде олардың шығармашылық көзқарасы мен ақпаратты жеткізу қабілеті жоғары бағаланды. «Блиц-бәйге» бөлімінде студенттер жедел түрде теориялық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерінің тереңдігін көрсетті. Ал «Accounting Case» практикалық кезеңінде қатысушылар бухгалтерлік есеп бойынша нақты есептерді шешіп, шоттар корреспонденциясын анықтады, қаржылық операцияларды дұрыс көрсету дағдыларын көрсетті.

Қатысушылардың өнерін тәжірибелі оқытушылардан құралған әділ қазылар алқасы бағалады. Бағалау барысында қатысушылардың теориялық дайындығы, практикалық дағдылары, сондай-ақ логикалық ойлау қабілеті ескерілді. Сайыс нәтижесінде үздік командалар анықталып, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Аталған олимпиада студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, білім сапасын арттыруға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды білім беру іс-шараларының бірі болды. Сонымен қатар, бұл іс-шара жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына оң әсерін тигізді.

Олимпиада барысында студенттер тек білімдерін көрсетіп қана қоймай, жаңа идеялар ұсынып, өзара тәжірибе алмасу арқылы кәсіби көзқарастарын кеңейтті. Мұндай форматтағы білім сайыстары білім беру үдерісін жетілдіруге, инновациялық тәсілдерді енгізуге және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, қатысушылар үшін бұл олимпиада болашақ мансаптық мүмкіндіктерін айқындауға және өздерінің кәсіби бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, олимпиада нәтижелері студенттердің кәсіби даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, олардың болашақта қаржы және есеп саласында табысты маман болуына негіз болатынын айқындады. Мұндай іс-шаралар білім мен тәжірибені ұштастырудың тиімді құралы болып табылады.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушылар алқасы: Экономика және Бизнес Жоғары Мектебінің, «Қаржы және есеп» кафедрасының профессор м.а. Сартова Р.Б., профессор Нургалиева Г.К., қауымдастырылған профессор Оралбаева Ж.З., доцент м.а. Жунисова Г.Е. және аға оқытушылар: Акимбаева Қ.Т., Арыстамбаева А.З., Исаева А.А., Қыздарбекова А.С.