В.К. Радостовецтің ғылыми мұрасы және тұрақты трансформациялар дәуіріндегі есеп, аудит пен талдаудың жаңа көкжиектері — ҚазҰУ

91ý

В.К. Радостовецтің ғылыми мұрасы және тұрақты трансформациялар дәуіріндегі есеп, аудит пен талдаудың жаңа көкжиектері

10 сәуір 2026
В.К. Радостовецтің ғылыми мұрасы және тұрақты трансформациялар дәуіріндегі есеп, аудит пен талдаудың жаңа көкжиектері

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Қаржы және есеп» кафедрасының ұйымдастыруымен ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» аясында және көрнекті ғалым, есеп және аудит саласының дамуына зор үлес қосқан Владимир Константинович Радостовецтің туғанына 100 жыл толуына орай «Тұрақты трансформациялар дәуіріндегі есеп, аудит және талдау: үлкен деректер, жаңа технологиялар және ТДМ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – есеп, аудит және талдау салаларындағы заманауи үрдістерді, соның ішінде үлкен деректер мен жаңа технологиялардың ықпалын ғылыми тұрғыда талқылау, олардың Тұрақты даму мақсаттары контекстіндегі рөлін айқындау, сондай-ақ білім мен ғылым интеграциясы негізінде кәсіби құзыреттерді дамытуға ықпал ету болды. Сонымен қатар, жиын аясында Владимир Константинович Радостовецтің ғылыми мұрасы мен оның отандық есеп және аудит мектебінің қалыптасуына қосқан елеулі үлесі кеңінен насихатталды.

Дөңгелек үстел 2026 жылғы 9 сәуірде Экономика және бизнес жоғары мектебінің Я.А. Әубәкіров атындағы 201-аудиториясында өтті. Іс-шараға сарапшылар, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Ұйымдастырушылар қатарында «Қаржы және есеп» кафедрасының оқытушылары мен «8D04108 – Есеп және аудит», «8D04116 – Аудит және бақылау» білім беру бағдарламаларының докторанттары, сондай-ақ «7М04117 – Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары болды.

Іс-шараны экономика ғылымдарының кандидаты, «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті Султанова Бакыт Битахановна модератор ретінде жүргізді. Дөңгелек үстелдің ашылуында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Ермекова Жанна Жандарбекқызы және «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Сартова Рысты Бозманаевна құттықтау сөз сөйлеп, жиынның ғылыми-тәжірибелік маңызына тоқталды.

Бағдарлама аясында саланың белгілі мамандары мен ғалымдары баяндама жасады. Атап айтқанда, Радостовец Виктор Владимирович, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Ержанов Мұхтар Салтаевич, экономика ғылымдарының кандидаты Байдаулетов Мади Байдаулетович, қауымдастырылған профессор Атчабарова Айгуль Малибековна, доцент Султанова Бакыт Битахановна, доцент-зерттеуші Когут Оксана Юрьевна және аға оқытушы Низамдинова Арзыгуль Камердиновна есеп, аудит, талдау, цифрландыру, үлкен деректер және жаңа технологиялардың білім беру мен кәсіби қызметтегі рөліне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.

Іс-шара барысында қатысушылар тұрақты трансформациялар жағдайында есеп пен аудиттің мазмұндық жаңаруы, аналитикалық құралдардың жетілдірілуі, білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға бейімдеу және Тұрақты даму мақсаттарына бағытталған академиялық және кәсіби бастамаларды дамыту мәселелерін талқылады. Жиын кәсіби қауымдастық, жас зерттеушілер мен білім алушылар арасындағы ғылыми диалогты нығайтып, тәжірибе алмасуға, өзекті идеяларды ортаға салуға мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар есеп, аудит және талдау салаларын жаңа сын-қатерлер мен цифрлық өзгерістер жағдайында одан әрі дамыту, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және В.К. Радостовецтің ғылыми мұрасын насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Іс-шара соңында қорытынды жасалып, естелік фотосессия ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылар: Султанова Б.Б., Арыстамбаева А.З.