ТДМ 3. ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛ-ӘУҚАТ. ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ: «ДӘРУМЕНДЕР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ»
Ботаника және агроэкология кафедрасының доцент м.а., PhD А.Ж.Чилдибаеваның жетекшілігімен 1 курс «Биология» мамандығының студенттерімен 3 ТДМ «ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛ-ӘУҚАТ» аясында «ДӘРУМЕНДЕР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Студенттер дәрумендердің адам денсаулығына әсері туралы өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – дәрумендердің ағзадағы маңызын түсіндіру, қабыну ауруларының алдын-алу, сондай-ақ ЖРВИ, тұмау және COVID-19 секілді вирустық инфекцияларға қарсы иммунитетті нығайту жолдарын талқылау болды.

Талқылау барысында студенттер дәрумендердің биологиялық қызметіне тоқталып, олардың зат алмасуға, жасушалардың жаңаруына және иммундық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне әсер ететінін атап өтті. Әсіресе С дәрумені, D дәрумені, А дәрумені, Е дәрумені және В тобы дәрумендерінің ағза үшін маңызды екені кеңінен талқыланды. Дөңгелек үстел барысында дәрумендердің табиғи көздері мен тағам арқылы қабылдануы ерекше назарға алынды. Студенттер дұрыс тамақтану, көкөніс пен жеміс-жидектерді жеткілікті мөлшерде тұтыну, табиғи өнімдерді қолдану арқылы дәрумен тапшылығының алдын алуға болатынын атап өтті. Сонымен бірге, дәрумендерді дәріханалық қоспа түрінде қабылдау тек дәрігер кеңесімен жүзеге асуы тиіс екені ескертілді. Себебі кейбір дәрумендердің артық мөлшері ағзаға зиян келтіруі мүмкін.

Іс-шарада қабыну ауруларының алдын-алу мәселесі де қозғалды. Қатысушылар иммунитетті күшейту тек дәрумендермен ғана шектелмейтінін, оған қоса дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы, таза ауада серуендеу және стресс деңгейін төмендету сияқты факторлар маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, қатысушылар тұмау мен COVID-19 секілді аурулардың алдын алуда санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, вакцинация және жеке қорғаныс шараларының маңызын талқылады. Дәрумендер ағзаны қолдайтын көмекші фактор болғанымен, оларды инфекциядан толық қорғайтын құрал ретінде қарастыру дұрыс емес деген қорытынды жасалды.
Дөңгелек үстел соңында студенттер дәрумендердің адам денсаулығын нығайтудағы рөлін жоғары бағалап, аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мұндай іс-шаралар жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып, дұрыс өмір салтын ұстануға ынталандырады.
Қорытындылай келе, «Дәрумендер және денсаулық» тақырыбындағы дөңгелек үстел қатысушыларға дәрумендердің ағза үшін маңызын тереңірек түсінуге, қабыну аурулары мен вирустық инфекциялардың алдын алу жолдарын ғылыми тұрғыда талқылауға мүмкіндік берді.
Ботаника және агроэкология кафедрасы
Басқа жаңалықтар