География және табиғатты пайдалану факультетінде Ашық есік күні өтті
15 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінде Ашық есік күні өтті. Іс-шара 10–11 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру және жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Алматы қаласы мен Алматы облысының мектеп оқушылары қатысты. Оқушылар мен олардың ата-аналары университеттің жетістіктері, білім беру мүмкіндіктері, қабылдау шарттары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және болашақта жұмысқа орналасу перспективалары туралы толық ақпарат алды.
Бағдарлама аясында факультеттің келесі білім беру бағдарламалары таныстырылды: география, кадастр, жерге орналастыру, гидрология, метеорология, геодезия және картография, геоинформатика, туризм, мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі, экология, табиғи-техногендік қауіптер, тіршілік қауіпсіздігі және еңбекті қорғау. Факультеттің кәсіптік бағдар беру жұмысына жауапты мамандар білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері, артықшылықтары және қазіргі еңбек нарығындағы сұранысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын тәжірибеге бағытталған шеберлік сабақтары тудырды. Оқушылар туристік шатыр құруды тәжірибе жүзінде орындап көрді, VR-көзілдіріктер арқылы виртуалды шындық технологияларымен танысты, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтарға қатысты. Мұндай іс-шаралар оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге және болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.
Іс-шара барысында қонақтарға факультеттің ғылыми-білім беру әлеуеті таныстырылды. Атап айтқанда, Farabi Supercomputer Center, «Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы, сондай-ақ «Тұрақты даму және қоршаған ортаны басқару» ғылыми-зерттеу орталығы көрсетілді. Бұл нысандар университеттің жоғары ғылыми әлеуетін, халықаралық ынтымақтастықты, цифрлық инфрақұрылымды және қоршаған ортаны зерттеудегі заманауи технологияларды айқындайды.
Қатысушылар үшін кампус-тур ұйымдастырылып, оның барысында оқушылар университет инфрақұрылымымен, оқу корпустарымен, ғылыми нысандармен және студенттік өмірмен танысты. Іс-шара соңында интерактивті викторина өткізіліп, белсенді қатысушыларға университет символикасы бейнеленген естелік сыйлықтар табысталды.
Ашық есік күнін өткізу БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асырумен тікелей байланысты. Атап айтқанда, бұл іс-шара ТДМ 4 «Сапалы білім» мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді, себебі оқушыларға жоғары білім туралы қолжетімді ақпарат беріледі. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру жұмыстары мен практикалық сабақтар ТДМ 8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» мақсаттарына сәйкес келеді. ылыми орталықтар мен зертханаларды таныстыру ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», ал халықаралық ынтымақтастық ТДМ 17 «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» мақсаттарына сай жүзеге асырылуда.
Осылайша, Ашық есік күні болашақ талапкерлер үшін университеттің білім беру ортасымен, ғылыми мүмкіндіктерімен және кәсіби даму бағыттарымен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды, сондай-ақ жастар арасында тұрақты даму қағидаттарын насихаттауға өз үлесін қосты.