«Заң және тәртіп» жобасы аясында ағартушылық-насихаттау дәрісі өткізілді
«Заң және тәртіп» әлеуметтік жобасы аясында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы жастармен мазмұнды кездесу ұйымдастырды. Кездесуде спикер ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Кегембаева және Алматы қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Ш.Т. Ибрагим сөз сөйледі.
Профессор Ж.А. Кегембаева «Мемлекеттік басқару саласында азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері» тақырыбында ағартушылық дәріс оқып, құқықтық мемлекет қағидаттарының мазмұнын, мемлекеттік органдар қызметінің жария-құқықтық жауапкершілігін және азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін жан-жақты түсіндірді.
Ал Ш.Т. Ибрагим «Интернет-алаяқтықтың алдын алу: дропперлік. Кибербуллинг» тақырыбында сөз қозғап, цифрлық ортадағы құқықбұзушылықтардың өзекті түрлері, олардың алдын алу жолдары, жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелерін нақты мысалдар арқылы баяндады.
Кездесу барысында жастардың құқықтық санасын қалыптастыру, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіп мәдениетін орнықтыру, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі қауіпсіз мінез-құлық қағидаттарын меңгеру мәселелері талқыланды. Әсіресе интернет-ортадағы құқықбұзушылықтардың профилактикасына, құқықтық сауаттылықты арттыруға және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге ерекше назар аударылды.
Кездесудің модераторы – Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы басшысының орынбасары А.Н. Болатжан.
Басқа жаңалықтар