География және табиғатты пайдалану факультетінде Ашық есік күні өтті: мамандықпен жақын танысу — ҚазҰУ

91ý

География және табиғатты пайдалану факультетінде Ашық есік күні өтті: мамандықпен жақын танысу

16 сәуір 2026
География және табиғатты пайдалану факультетінде Ашық есік күні өтті: мамандықпен жақын танысу

2026 жылғы 15 сәуірде География және табиғатты пайдалану факультетінде болашақ мамандығын таңдауға және университетке түсуге қызығушылық танытқан мектеп оқушыларының қатысуымен Ашық есік күні өтті.

Іс-шараның алғашқы минуттарынан бастап қатысушылар факультеттің студенттік және ғылыми өмірінің атмосферасына еніп, ерекше әсер алды. Қонақтарға факультеттің құрылымы, білім беру бағдарламалары және оқу үдерісінің ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Әсіресе, география, метеорология және гидрология салаларындағы мамандардың болашақтағы сұранысы мен кәсіби мүмкіндіктері оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Бағдарламаның маңызды бөлімдерінің бірі – «Метеорология және гидрология» кафедрасымен танысу болды. Аға оқытушылар Ердесбай А.Н., Мусралинова Г.Т., Раймбекова Ж.Т., сондай-ақ доцент Мусина А.К. «Метеорология» және «Гидрология» білім беру бағдарламаларын таныстырып, оқу мазмұны, студенттердің практикалық дайындығы және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды тікелей оқытушыларға қою мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында мектеп оқушылары ғылыми зертханаларға экскурсия жасап, заманауи құрал-жабдықтармен танысты. Олар атмосфералық процестер мен су жүйелерін зерттеудің практикалық қырларын өз көздерімен көрді.

Іс-шараның ең әсерлі және есте қаларлық сәттерінің бірі – виртуалды шындық (VR) технологияларын қолдана отырып өткізілген интерактивті демонстрация болды. VR-көзілдіріктердің көмегімен қатысушылар климаттың өзгеруі мен су ресурстарының трансформациясын «сезініп», табиғи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Бұл тәсіл қазіргі экологиялық мәселелердің маңыздылығын айқын көрсетті.

Ашық есік күні жылы әрі қызықты атмосферада өтіп, оқушыларға жағымды әсер қалдырды. Көптеген қатысушылар үшін бұл шара болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жасалған маңызды қадам болды.