ТҮРІК ПОЭЗИЯ САЙЫСЫ — ҚазҰУ

91ý

ТҮРІК ПОЭЗИЯ САЙЫСЫ

17 сәуір 2026
ТҮРІК ПОЭЗИЯ САЙЫСЫ

«Тілде бірлік, мәдениетте достық!» ұранымен «Түрік тілі мен мәдениеті» апталығы аясында түрік поэзия сайысы ұйымдастырылды. Поэтикалық сайыс 1 және 2 курстар арасында өтті. 

Студенттер түрік ақындарының өлеңдерін оқып, өздерінің сөз өнеріне жақын екендіктерін байқатты. Өлең сайысын кафедра ұстаздары PhD, қауымдастырылған профессор А. Құрманәлі Чакыроглы, ф.ғ.к., профессор м.а. Э. Дулаева, аға оқытушылар Ж. Әбелдаев, А. Қырқымбекова және Г. Дүйсен бағалады.

Поэзия сайысының мақсаты – студенттерді кітап оқуға баулу, өлең өнерінің қыр-сырымен таныстыру және өлең жаттауды әдетке айналдыру болды.

 

 

Түрік тілінде өлең оқу сайысы бірнеше критерий бойынша бағаланды, атап айтсақ: өлеңді мәнерлеп оқу, дауыс ырғағы, әртістік қабілеті, өзін-өзі ұстауы және сахна шеберлігі.

Нәтижесінде, бірінші орынды 1 курс студенті Маратқызы Айтолқын иеленді. Ол түріктің белгілі ақыны Орхан Вели Каныктың классикалық жыры «İstanbul’u Dinliyorum»-ды керемет оқыды.

Екінші орынды 1 курс студенттері Көктеубай Гүлжан мен Айдаров Данияр иеленді. Г. Көктеубай түріктің мықты ақыны Сезаи Каракочтың «Monoroza» өлеңін оқыса, Д.Айдаров Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңін өзі түрік тіліне аударып, өзі оқыды.

Үшінші орынға үш студент лайықты деп танылды, олар 2 курс студенті Асылбек Айғаным және 1 курс студенттері Серік Әмина мен Тоқтасын Мерей. Айғаным түрік ақыны Хиляль Номердің «Bir Dost» өлеңін мәнерлеп оқыса, Әмина белгілі түрік ақыны Нежіп Фазыл Кысакүректің «Sakarya Türküsü» атты өлеңін, ал Мерей түріктің классик ақыны Атилла Ильханның «Ben Sana Mecburum» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды.

 

 

Осылайша, студенттер өздерінің кітап оқуға жақын екендігін, түрік өлең өнеріне жоғары қызығушылық танытатындықтарын көрсетті. 

Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Барша қатысушыларды жеңістерімен құттықтаймыз және белсенділік танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз! Шәкірттерімізге алдағы уақытта да  толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз.

 

Ж. Абелдаев

А. Қырқымбекова