Тарихи-мәдени мұраны сақтау: отандық және халықаралық тәжірибеFarabi University

91ý

Тарихи-мәдени мұраны сақтау: отандық және халықаралық тәжірибе

16 сәуір 2026
Тарихи-мәдени мұраны сақтау: отандық және халықаралық тәжірибе

2026 жылғы 16 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасы Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтымен және Музеология және ескерткіштану ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп «Тәуелсіздік құндылықтары контекстіндегі тарихи-мәдени мұраны сақтау саясаты: отандық және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Тарихи ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғаудың халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.

Тарихи ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғаудың халықаралық күні жыл сайын 18 сәуірде атап өтіледі. Ол 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес (ICOMOS) тарапынан тарихи-мәдени мұраны сақтау және қорғау мәселелеріне назар аудару мақсатында бекітілген.

Дөңгелек үстел жұмысына ғылыми қауымдастық өкілдері, оқытушылар мен білім алушылар қатысты. Қатысушылар қатарында тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Д.С. Байгуннаков; кафедра меңгерушісі, PhD Р.С. Жуматаев; кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Б.Б. Бесетаев; тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Қалыш; Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ғ.Қ. Омаров; тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Т.Е. Қартаева; Е.М. Тургунбаев, сондай-ақ докторанттар, магистранттар мен студенттер болды.

Сонымен қатар іс-шараға салалық ұйымдардың өкілдері қатысты: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD, Е.Ш. Ақымбек; заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Е.Т. Әлімқұлов; Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі А.С. Шадьяров; Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі, «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасының жетекшісі Қ.К. Алтынбеков; «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Т.Ж. Төлегенов.

Дөңгелек үстел барысында тарихи-мәдени мұраны сақтаудың өзекті мәселелері талқыланып, осы саладағы отандық және халықаралық тәжірибе қарастырылды. Қатысушылар мәдени мұраны сақтауда кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, кәсіби пікір алмасты.