ҚазҰУ мен «ҚазТрансОйл» цифрлық технологиялар бағытында күш біріктіреді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен «ҚазТрансОйл» цифрлық технологиялар бағытында күш біріктіреді

17 шілде 2026
ҚазҰУ мен «ҚазТрансОйл» цифрлық технологиялар бағытында күш біріктіреді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚазТрансОйл» АҚ&Բ;«Зерттеулер және әзірлемелер орталығы» филиалының директоры Сәбит Арынов бастаған делегациямен кездесу өтті. Келіссөздің басты нәтижесінде тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Делегацияны ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева қарсы алды.

Кездесу барысында Алина Галеева ҚазҰУ еліміздің жетекші өндірістік кәсіпорындарымен серіктестікті жүйелі түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Проректордың айтуынша, ғылым, білім және өндірістің өзара ықпалдастығы – елдің технологиялық дамуының негізгі тетіктерінің бірі. ҚазТрансОйл-мен әріптестік бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, инновациялық әзірлемелерді өндіріске енгізуге, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға және мұнай-газ саласына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа серпін береді.

Өз кезегінде «ҚазТрансОйл» АҚ&Բ;«Зерттеулер және әзірлемелер орталығы» филиалының директоры Сәбит Арынов университеттің ғылыми әлеуетіне жоғары баға беріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Ол іргелі ғылым мен өндірістік тәжірибенің үйлесуі сала үшін өзекті технологиялық шешімдерді әзірлеуге және оларды өндіріске жедел енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қол қойылған меморандум ғылыми зерттеулерді бірлесіп дамытуға, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыруға, озық технологияларды өндіріске енгізуге, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және жоғары білікті мамандар даярлауға негіз қалады.

 

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – мұнай тасымалдау саласында жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерді кеңінен қолдану. Атап айтқанда, магистральдық мұнай құбырларының жұмысын модельдеу, өндірістік нысандардың цифрлық егіздерін әзірлеу, ауқымды деректерді талдау, жабдықтардың жай-күйін алдын ала диагностикалау және өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Келіссөз барысында қонақтарға университеттің ғылыми-технологиялық әлеуеті таныстырылып, Суперкомпьютер класстерінің, Farabi HUB және заманауи ғылыми зертханалардың мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берілді. Делегацияның ерекше қызығушылығын ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік кешені тудырды. Бұл – Орталық Азиядағы академиялық мақсатқа арналған алғашқы жоғары өнімді есептеу жүйесі. Өнімділігі 2 000 терафлопсқа жететін кешен күрделі математикалық модельдеу, инженерлік есептеулер мен үлкен деректерді өңдеу жұмыстарын тиімді орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол әлемдегі ең қуатты 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді.

Ресми сапар барысында кәсіпорын өкілдеріне  Жерді қашықтықтан зондтау орталығыныңы, Farabi Supercomputer орталығының, Farabi HUB инновациялық хабының, KUKA Robotics және HUIBO Robotics зертханаларының қызметі таныстырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі