- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ мен Шанхай Цзяотун университеті ынтымақтастық туралы меморандумды жаңартты
ҚазҰУ мен Шанхай Цзяотун университеті ынтымақтастық туралы меморандумды жаңартты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайға жұмыс сапары аясында Шанхай Цзяотун университетінің ректоры, академик Дин Куйлинмен кездесті. Тараптар білім беру, ғылым және инновация салаларындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екендерін растап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Шетелдік әріптестерге ілтипат білдірген Жансейіт Түймебаев Қытайдағы оқу орындары мен ғылыми ұйымдары ҚазҰУ-дың ғылым және білім беру саласындағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың 107 университеті және ғылыми ұйымымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Біздің өзара байланысымыз академиялық алмасумен ғана шектелмей, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, халықаралық зертханалар құруды және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруды қамтиды. Шанхай Цзяотун университеті ҚазҰУ-дың маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Ынтымақтастық туралы жаңартылған меморандумға қол қойылуы ауқымды ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және жас ғалымдарды бірлесіп даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ректор.

Кездесу барысында қос университеттің басшылары биыл сәуір айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шанхай Цзяотун университеті және China Energy компаниясының бірлесуімен ашылған Сутегі энергетикасы орталығының табысты жұмысын ерекше атап өтті. Орталық сутегін өндіруге және сақтауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде бұл орталық ғылыми зерттеулер жүргізуге, «жасыл» сутегі өндірудің инновациялық технологияларын әзірлеуге және экологиялық таза энергетика саласына мамандар даярлауға арналған халықаралық ғылыми алаңға айналды.

Шанхай Цзяотун университетінің ректоры, академик Дин Куйлин ҚазҰУ-мен әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіріп, қазақстандық университеттің жоғары ғылыми әлеуеті мен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асырудағы зор мүмкіндіктеріне тоқталды.

Келіссөз соңында қос университеттің басшылары ҚазҰУ мен Шанхай Цзяотун университетінің зияткерлік, ғылыми және технологиялық әлеуетін біріктіру озық ғылыми зерттеулерді дамытуға, жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлауға және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі