Мамандық таңдаудың маңызы: ҚазҰУ көрмесінде кәсіби кеңес берілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі аясында талапкерлер мен мектеп оқушыларына университеттің білім беру бағдарламаларын таныстыруға арналған ақпараттық-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерге заманауи білім беру мүмкіндіктерін көрсету, мамандық таңдауда кәсіби бағдар беру және жоғары білімге қолжетімділікті арттыру болды.
Көрме барысында аға оқытушы Игібаев Ж. «Киберфизика», «Физика және нанотехнология», «Электр энергетикасы», сондай-ақ «Қолданбалы физика және электр инженериясы» бағыттары бойынша талапкерлердің сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, әрбір мамандықтың ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндірді.
Кездесу барысында қатысушылар оқу үдерісінің мазмұны, білім беру бағдарламаларының құрылымы, кәсіби даму мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет алды. Сонымен қатар, кафедраның ғылыми жетістіктері, заманауи зертханалық базасы және халықаралық ынтымақтастық байланыстары таныстырылды. Бұл өз кезегінде талапкерлердің ғылымға қызығушылығын арттырып, олардың болашақ кәсіби бағыттарын саналы түрде таңдауға ықпал етті.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тығыз байланысты. Атап айтқанда, көрме ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» мақсатына сәйкес келеді, себебі ол білім алушыларға сапалы білім беру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, олардың білімге қолжетімділігін кеңейтеді және өмір бойы білім алу қағидаттарын насихаттайды. Сонымен қатар, инженерлік және ғылыми бағыттағы білім беру бағдарламаларын таныстыру арқылы іс-шара ТДМ 9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» мақсаттарына үлес қосады, өйткені бұл бағыттар инновациялық технологияларды дамытуға және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Осындай іс-шаралар білім беру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, «Study in Kazakhstan» көрмесі талапкерлерге сапалы білім алу мүмкіндіктерін таныстырумен қатар, олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беретін маңызды алаңға айналды.
Басқа жаңалықтар