Іс-шараға Ә. Табылдының ұрпақтары, ата-аналар, университет пен мектеп білім алушылары аралас форматта қатысты (онлайн/офлайн). Мектеп оқушылары ақынның 100 рубаятын оқып, барша көрермендерді тәнті етті. Сонымен қатар, әдеби кеш барысында интеграциялық сабақтастықта Ә. Табылдының шығармашылығын қамтитын бейнесюжет, оқырмандарға үндеу, ақынның шәкірттерімен сұхбат, үздік рубаят жеңімпазы, музыкалық тарту сынды бағдарлар кіріктірілген.
Әдеби кешке барлық бастауыш сынып мұғалімдері, бастауыш сынып оқушылары, университет тарапынан педагогикалық практика өтуші студенттер және арнайы қонақтар қатарындағы ақынның ұлы мен келіні қатысты.
Әдеби кештің бағдарламасына сәйкес кіріспе сөзін мектеп директоры Есенова К.А. сөйлеп, тыңдармандарға педагогика ғылымдарының докторы профессор, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиеттенаушы, ақын Әдібай Табылдиевтің педагогикалық еңбегіне экскурс жасады. Ақынның тағылымды еңбектеріне жасалған көрмедегі еңбектерімен таныстырды. Атап айтқанда, оқу құралдары, жергілікті баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, тыңғылықты зерттеу жұмыстары мен диссертациялық жұмыстарына талдау жасап, оқушылар назарына парақтап қарауға мүмкіндік берді.
Кештің келесі кезеңінде оқушылардың даярлаған 100 рубаяты тыңдалды. Рубаяттар мазмұнын терең түсінген оқушылар тарапынан сұрақтар легіде көптеп қойылды. Сонымен қатар, 3-4 сынып оқушылары Ә. Табылдының диалогтық және эпистолярлық жанрға арналған шығармаларын қойылым ретінде сахналады. Қойылымның мазмұнына сай декорация, сахна шеберлігі сынды тұстары аса педагогикалық талап негізінде ұйымдастырылғанын байқатты.
Университет студенттерінің тарапынан практикалық тапсырмалар дайындалып, жеңімпаздарға арнайы ұтымды «Тапқыр рубаятшы» жүлделері табысталды. Тапсырма реттілігі бойынша рубаяттың бастапқы екі жолы оқылса, оқушылар жалғасын табу міндеттелді, ал тапсырманың екінші бөлігінде рубаяттың бастапқы екі жолы ұсынылса, оқушылар өз тарапынан жалғасын ұйқастырып шығару көзделді. Бұл тапсырмалар арқылы оқушыларға өлең шығару, тапқырлық, сөз құдыретіне үңілу сынды дағдыларды қалыптастыруға бағытталды.
Негізгі бөлімінде оқушыларға әдеби-көркем білім беруді дамыту жағдайында ақынның шығармашылығын қолданудың тиімділігі жайында PhD К. Есенова терең талдау жасады әрі рубаяттардың құндылығын құрал ретіндегі аспектілерін алға тартты және мектеп ұстаздарымен бірлесе отырып арнайы Ә. Табылдының рубаяттар рубрикасынан құралған платформа құруды ұсынды.
Кеш барысында Ә. Табылдының ұрпақтары сөз алды. Әке, ата рөліндегі естеліктерін баян ету арқылы, мазмұнды тәлімдік ой салды. Сонымен қатар, үздік рубаят оқыған оқушыларға қолтаңбасымен дайындаған ақынның еңбектерін тарту етті.
Ә. Табылдының шәкірті С. Әмірғалиқызының сыр-сұхбат айдары арқылы оқушыларға ақынның ұстаздық ұстанымы, өнеге-өсиеті жайында әсем әңгіме өрбітті. ылыми зерттеу жұмысына жетекшілік ету барысындағы естеліктерімен бөлісті. Ақын еңбектерінің инновациялық аралас оқыту құралы болып табылатын рубаят жинағы мектеп қорына табысталды.
Ал А. Б. Альчимбаева ақынның тағылымды өмір тарихына қатысты бейнематериал сюжетін дайындап, көрермен назарына ұсынды. Отандық телевизиялық бейнеқорда сақталған сирек бейнетаспаны тыңдатып, ақынның батасы, өнегелі өсиет сөзі тікелей тасымалданды және бала кезінен бастап саналы ғұмыры, отбасы өнегесі, педагогикалық өмірі жайлы жазба әңгімесі берілді.
Әдеби кештің қорытындылау бөлімінде оқушылардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Кешке ат салысқан студенттерге, ұстаздар қауымына алғыс хаттар табысталды.