Тұрақты даму мақсаттары аясында студенттердің әлеуметтік жауапты ойлауын қалыптастыруFarabi University

91ý

Тұрақты даму мақсаттары аясында студенттердің әлеуметтік жауапты ойлауын қалыптастыру

13 сәуір 2026
Тұрақты даму мақсаттары аясында студенттердің  әлеуметтік жауапты ойлауын қалыптастыру

2026 жылғы 13 сәуірде география және табиғатты пайдалану факультетінде «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттеріне арналған «Жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастырудың климаттық тұрақтылыққа әсері» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шара педагогикалық практика барысында ұйымдастырылып, «Туризм» білім беру бағдарламасының магистранттары А. Серікбол, С. Беркинбаева, К. Шедеухан, С. Дүйсенғалиева тарапынан педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Э.Т. Баярыстанованың ғылыми-әдістемелік жетекшілігімен жүзеге асырылды. Іс-шараға рекреациялық география және туризм кафедрасының оқытушылары Р.М. Байбуриева, Ж.Н. Алиева, Ш.Т. Абдреева қатысып, оның мазмұндық-әдістемелік деңгейіне кәсіби тұрғыдан қолдау көрсетті.

Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес ұйымдастырылды, атап айтқанда, ТДМ 12 «Жауапты тұтыну және өндіріс» және ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарымен үйлесім тапты. Қазіргі кезеңде табиғи ресурстарды қарқынды пайдалануға негізделген экономикалық модельдердің қоршаған ортаға антропогендік әсерінің күшеюі тұтынудың ұтымды үлгілеріне көшудің өзектілігін айқындай түсуде.

Жоғары мектеп жағдайындағы педагогикалық практика тұрақты даму қағидаттарын білім беру үдерісіне ықпалдастырудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады. Тәрбиелік іс-шаралар арқылы білім алушылардың жаһандық сын-қатерлерді түсінуіне, олардың кәсіби қызметпен байланысын ұғынуына қолайлы орта қалыптасады. Бұл бағыт университеттердің үшінші миссиясымен үндесіп, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және оларды қоғамдық маңызы бар қызметке тартуға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыда магистранттардың орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық ұстаным қағидаттарына негізделген тәрбие жұмысын жобалау және жүзеге асыру құзыреттерін дамыту ерекше маңызға ие.

Іс-шара барысында студенттерге жауапты тұтыну мәдениетінің теориялық негіздері жүйелі түрде ұсынылып, оның климаттық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі ғылыми тұрғыдан негізделді. Сонымен қатар, тұрақты даму қағидаттарын күнделікті өмірде қолданудың практикалық мүмкіндіктері талқыланды. Практикалық мысал ретінде қалдықтарды қайта өңдеу және дөңгелек экономика элементтерін енгізу бағытында жұмыс істейтін Fabriqa тоқыма боксының қызметі таныстырылды.

Іс-шара аясында Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану орталығына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар орталықтың негізгі қызмет бағыттарымен, жүзеге асырылып жатқан жобаларымен және экологиялық бастамаларымен танысты. Бұл өз кезегінде теориялық білімді практикамен ұштастыруға және қарастырылған мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, өткізілген іс-шара мазмұндық және тәжірибеге бағдарланған сипатымен ерекшеленіп, студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, тұрақты даму қағидаттарын және олардың болашақ кәсіби қызметтегі маңызын ұғынуға ықпал етті. Сонымен қатар, білім алушылардың орнықты даму саласындағы құндылықтық бағдарлары нығайып, климаттық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жауапты тұтынудың рөлі туралы түсініктері кеңейе түсті.