«Менің құқығым және міндетім» тақырыбындағы ашық сбақ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультетінде 2026 жылғы 17 сәуір күні сағат 10:00-де «Менің құқығым және міндетім» тақырыбында ашық кураторлық сағат өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге университет қабырғасындағы негізгі құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру, олардың оқу үдерісіндегі жауапкершілік деңгейін арттыру, сондай-ақ академиялық мәдениет пен ішкі тәртіп ережелерін құрметтеуге баулу болды. Ашық кураторлық сағат барысында топ студенттері белсенділік танытып, өз пікірлерін ашық білдіріп, тақырып аясында ой бөлісіп, өмірлік мысалдар келтірді.
Жауапты куратор Электроника және астрофизика кафедрасының топ кураторы, аға оқытушы Нодяров А.С. Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің құқықтары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, студенттердің сапалы білім алуға, оқу үдерісіне қажетті кітапхана қорын, зертханаларды және электрондық білім беру ресурстарын еркін пайдалануға, университетте ұйымдастырылатын ғылыми, қоғамдық, мәдени және тәрбиелік іс-шараларға қатысуға, студенттік ұйымдар мен бірлестіктер арқылы белсенділік танытуға, өз пікірін еркін білдіруге, сондай-ақ оқу үдерісі мен студенттік өмірді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар енгізуге құқылы екендігі атап өтілді.
Сонымен қатар студенттердің міндеттері де кеңінен қарастырылды. Олардың қатарында сабақтарға тұрақты әрі кешікпей қатысу, оқу тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау, емтихандар мен аралық бақылауларға адал дайындалу, академиялық адалдық қағидаларын қатаң сақтау, университеттің ішкі тәртіп ережелерін бұзбау, оқытушыларға, қызметкерлерге және өзге білім алушыларға құрметпен қарау, сондай-ақ оқу орнының мүлкіне ұқыптылықпен қарау секілді маңызды міндеттер айтылды. Бұл міндеттердің барлығы студенттің тұлғалық қалыптасуы мен кәсіби дамуы үшін аса маңызды екені түсіндірілді.
Кураторлық сағат барысында студенттің құқықтары мен міндеттері бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне ерекше назар аударылды. Әрбір білім алушы өз құқықтарын біліп қана қоймай, өз міндеттерін де жоғары жауапкершілікпен орындауы қажет екені айтылды. Сонымен бірге университеттегі білім сапасы, тәртіп, өзара сыйластық және академиялық ортаның мәдениеті әр студенттің саналы көзқарасы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екені түсіндірілді.
Сондай-ақ қазіргі қоғам жағдайында жастардың құқықтық сауаттылығының маңызы ерекше екені атап өтілді. Студенттерге өз құқықтарын білу олардың білім беру ортасында сенімді әрекет етуіне, ал міндеттерін түсіну тәртіпті, саналы және жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал ететіні жеткізілді. Осындай кездесулер факультеттің тәрбие жұмысында маңызды орын алады және білім алушылар мен оқытушылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.
Іс-шара барысында түсіндіру, сұрақ-жауап, пікірталас және еркін ой алмасу әдістері қолданылды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтары мен міндеттеріне қатысты маңызды мәліметтер алды. Мұндай іс-шаралар студенттердің құқықтық білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін нығайтуға, құқықтық мәдениетін дамытуға және университет өміріне белсендірек араласуына мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, білім алушылар өз құқықтарын білу мен өз міндеттерін адал орындау сапалы білім алудың, академиялық тәртіпті сақтаудың және болашақта білікті маман болып қалыптасудың маңызды негізі екендігін түсінді. ТДМ 4 – Сапалы білім беру.