«Плазма қасиеттерін және нанокластерлерді модельдеу әдістері» тақырыбында студенттерге арналған халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылды — ҚазҰУ

91ý

«Плазма қасиеттерін және нанокластерлерді модельдеу әдістері» тақырыбында студенттерге арналған халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылды

30 наурыз 2026
«Плазма қасиеттерін  және  нанокластерлерді  модельдеу  әдістері»  тақырыбында  студенттерге  арналған  халықаралық  жазғы  мектеп ұйымдастырылды

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында 2026 жылғы 30 наурызда «Плазма қасиеттерін және нанокластерлерді модельдеу әдістері» тақырыбында студенттерге арналған халықаралық жазғы мектеп басталды.

Жазғы мектеп әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Унивеситеті және CNRS – Париж политехникалық институтымен (Франция) бірлесіп өткізілді. Бағдарлама аясында профессор Холвер Вах дәрістер оқып, қатысушыларды плазма физикасы мен нанотехнология салаларындағы заманауи ғылыми бағыттармен таныстырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Франция студенттерін плазма физикасы және нанокластерлерді модельдеуде қолданылатын заманауи сандық әдістермен, сондай-ақ машиналық оқыту негіздерімен таныстыру болды.

Дәрістер барысында плазмалық жүйелердің физикалық модельдері, көпбөлшекті жүйелердің өзара әсерлесу заңдылықтары және оларды сандық модельдеу тәсілдері кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда, нанокластерлердің динамикалық, оптикалық және транспорттық қасиеттерін зерттеуде қолданылатын молекулалық динамика (Molecular Dynamics) әдісіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, бөлшектердің қозғалысын сипаттайтын негізгі статистикалық шамалар, оның ішінде орташа квадраттық ығысу, жылдамдықтардың автокорреляциялық функциясы және олардың тасымалдау қасиеттерін анықтаудағы рөлі талқыланды. Бұл әдістер жүйедегі микродеңгейдегі динамикалық процестерді макроскопиялық параметрлермен байланыстыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Практикалық есептеулерді жүзеге асыру үшін кеңінен қолданылатын LAMMPS бағдарламалық пакеті таныстырылып, оның көмегімен көпбөлшекті жүйелерді модельдеу, потенциалдарды таңдау және сандық эксперименттер жүргізу принциптері түсіндірілді. Сонымен қатар, машиналық оқыту элементтерін қолдану арқылы есептеу нәтижелерін өңдеу, үлгілерді тану және күрделі жүйелердің қасиеттерін болжау мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл тәсілдердің қазіргі плазма физикасы мен нанотехнологиядағы есептеу тиімділігін арттырудағы рөлі көрсетілді. Жазғы мектеп қорытындысы қолданбалы бағыт сипатында өтті, яғни сабақ барысында ультратұрақты кремний кластерлерінің физикалық қасиеттері және олардың заманауи технологияларда қолданылуы қарастырылды. Ерекше назар, аталған құрылымдардың терагерц (THz) диапазонындағы қасиеттеріне, олардың жоғары жиілікті құрылғыларда қолдану перспективаларына бағытталды. Спутниктік қозғалтқыштардың физикалық жұмыс істеу принциптері қарастырылып, плазмалық және иондық қозғалтқыштардың негізгі параметрлері талданды.

Жазғы мектепке «Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика» кафедрасының студенттерімен қатар Францияның Париж политехникалық институтының білім алушылары қатысты. Халықаралық деңгейдегі бұл өзара әрекет білім алушылардың ғылыми көкжиегін кеңейтіп, академиялық мобильділікті дамытуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. 

Жазғы мектеп ұйымдастырушылары – академик Т.С. Рамазанов, профессор Буфенди Л. және кафедра меңгерушісі С.К. Коданова. Жазғы мектеп БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары 4 – «Сапалы білім беру» аясында білім алушылардың кәсіби және зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, сондай ақ – «Тұрақты даму мақсаттары үшін серіктестік» бағыты бойынша халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға үлес қосады.

Қорытындылай келе, халықаралық жазғы мектеп студенттердің заманауи ғылыми әдістерді меңгеруіне, цифрлық және зерттеушілік дағдыларын дамытуына, сондай-ақ жаһандық ғылыми қауымдастыққа кірігуіне ықпал ететін тиімді алаңға айналды.