Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қабырғасында өткен «Абайды оқы, таңырқа!» атты республикалық байқау қазақ сөз өнерінің асқақ рухын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды шара ретінде өз мәресіне жетті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мұрасын дәріптеуге арналған бұл әдеби дода еліміздің жоғары оқу орындарынан жиналған талантты жастардың басын қосып, поэзияға деген шынайы сүйіспеншілікті, көркем сөзге деген құрметті паш етті.
Аталған байқауға қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысу – үлкен жауапкершілік әрі ерекше әсерге толы тәжірибе болды. Білім алушылардың поэтикалық мәтінді мәнерлеп оқу шеберлігі, тіл мәдениеті мен сахналық орындау деңгейі жан-жақты бағаланып, әр қатысушының өзіндік қолтаңбасы мен шығармашылық ізденісі айқын көрінді. Көркем сөздің құдіретін сезіне отырып, Абай жырларын жүрекпен жеткізген жас дарындардың өнері тыңдаушы қауымды терең толғанысқа бөледі.

Байқау қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, білім мен өнердің тоғысқан үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, І дәрежелі диплом мен 100 000 теңге көлеміндегі жүлде Смайл Азаматқа табысталды. Оның орындауындағы Абай поэзиясы көркемдік тереңдігімен, сезімге әсерлі жеткізілуімен ерекшеленді. Сонымен қатар, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болған Айдарали Алина мен Серікқызы Сабина да өздерінің жоғары деңгейдегі көркем оқу шеберліктерімен көзге түсіп, әрқайсысына 25 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Бұл байқау – студенттердің әдеби-эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймай, олардың тілдік құзыреттілігін арттыруға, ұлттық рухани мұраға деген құрметін тереңдетуге бағытталған маңызды ғылыми-мәдени алаң болды. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың жүрегіне Абайдың асыл сөзі ұялап, рухани кемелдену жолына бағдар беретіні сөзсіз.
Университетіміздің студенттерінің жарқын жеңісі – баршамыз үшін зор мақтаныш. Бұл жетістік – табандылық пен ізденістің, өнер мен білімге деген шынайы құштарлықтың нәтижесі. Алдағы уақытта да осындай биік белестерді бағындырып, талай додада топ жарып, ұлттық руханияттың туын асқақтата береді деген сенім мол.
ҚазҰУ жастарына сәттілік пен шығармашылық жеңістер тілейміз!
Басқа жаңалықтар