Жасанды интеллект – сапалы білім берудің жаңа мүмкіндіктеріFarabi University

91ý

Жасанды интеллект – сапалы білім берудің жаңа мүмкіндіктері

8 сәуір 2026
Жасанды интеллект – сапалы білім берудің жаңа мүмкіндіктері

2026 жылғы 8 сәуірде Менеджмент мамандығының 3 курс студенттері үшін «Жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен тәжірибе» бағытында мастер-класс өткізілді. Іс-шара кафедра меңгерушісі Смагулова Г.С. мен аға оқытушы Жумагазиева А.Г. жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Мастер-классқа арнайы қонақ ретінде «Aqyl Battle» мобильді интеллектуалды ойынының авторы, «Thousand IT» компаниясының негізін қалаушы Айболат Кулатай шақырылды. Спикер өз сөзінде жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы рөлі, оның менеджмент және бизнес салаларындағы қолданылу мүмкіндіктері, сондай-ақ цифрлық технологиялардың даму үрдістері туралы жан-жақты баяндады.

Кездесу барысында Айболат Кулатай өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, стартап жобаларды жүзеге асырудың негізгі кезеңдерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Спикер стартаптың мәні тек бизнес құру емес, масштабталатын модельді іздеу, жоғары белгісіздік жағдайында жұмыс істеу және жылдам эксперимент жүргізу екенін атап өтті. Сонымен қатар табысты стартап үшін басты факторлар – идеядан гөрі орындау (execution), мықты команда және дұрыс таңдалған нарық екені түсіндірілді. Әсіресе «Aqyl Battle» жобасының идеядан бастап толыққанды өнімге дейінгі даму жолы студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар мастер-класс барысында идеяны дамыту жолдары, MVP құру, HADI циклдары сияқты заманауи тәсілдер қарастырылды. Студенттерге стартап модельдері, цифрлық құралдар (чат-бот, лендинг, low-code платформалар) және инвестиция тарту негіздері түсіндірілді. Бұл олардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, цифрлық дағдыларын дамытуға ықпал етті..

Аталған мастер-класс БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты – сапалы білім беруді қамтамасыз ету (ЦУР 4) аясында ұйымдастырылып, студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға, жасанды интеллект саласындағы білімдерін кеңейтуге және оларды заманауи еңбек нарығына бейімдеуге бағытталды. Мұндай іс-шаралар білім беру үдерісінің сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға маңызды үлес қосады.