«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты тәрбие сағаты
2026 жылдың 15 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының филология ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Е.К. Карбозов және аға оқытушы Пазыл Бисенбаев, филология ғылымдарының докторы, ассистент-профессор Г.Ж. Болатова жетекшілігімен ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» бағытын негізге ала отырып «Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары Арайлым Ерубай, Ниетбаева Камила, Тұрғын Аружан «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-курс студенттеріне «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.

Тәрбие сағатының мақсаты – қазақ қыздарының рухани-адамгершілік болмысын, ұлттық тәрбиедегі орнын айқындау, студенттердің тарихи танымын кеңейту және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Қазақ халқының мәдениетінде қыз бала – әдептіліктің, инабаттылықтың, сұлулық пен парасаттылықтың символы. Ұлт тәрбиесінде қыз баланың орны ерекше, себебі ол – болашақ ана, отбасының ұйытқысы, қоғамның айнасы. Сондықтан да қазақ қыздарының тәрбиесі, олардың бойындағы ұлттық құндылықтар әрдайым жоғары бағаланған. Бүгінгі күні де қыздардың жан-жақты дамуы, білімді әрі тәрбиелі болып қалыптасуы – қоғамның басты назарындағы мәселелердің бірі.
Тәрбие сағатында «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» тақырыбында танымдық-шығармашылық бағыттағы куиз ұйымдастырылды. Куиз үш кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде қыздарға қатысты интеллектуалдық сұрақтар қойылып, студенттердің білім деңгейі сараланды. Екінші кезеңде мәтін негізіндегі сұрақтар ұсынылып, қатысушылардың тапқырлығы тексерілді. Үшінші кезең шығармашылық тапсырмаға арналды, онда студенттерге төрт сөз беріліп, сол сөздер негізінде өлең құрастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, студенттер арасында мақал-мәтел айту сайысы өткізіліп, олардың тіл байлығы мен ұлттық дүниетанымы сынға түсті. Бұдан кейін төрт топқа тарихи қазақ қыздарының тұлғалары бөлініп беріліп, әр топ өзіне берілген кейіпкер бойынша постер дайындап, қорғады. Бұл тапсырма студенттердің ізденісін арттырып, тарихи тұлғалар туралы білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, өзара ынтымақтастықта жұмыс жасады. Тәрбие сағатының соңында барлық кезең бойынша жиналған ұпайлар есептеліп, жеңімпаз топ анықталып, марапатталды.
Тәрбие сағаты әсем әнмен қорытындыланып, студенттерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Басқа жаңалықтар