«Конституциялық жаңғыру: халық таңдауы – ел болашағы» — ҚазҰУ

91ý

«Конституциялық жаңғыру: халық таңдауы – ел болашағы»

3 наурыз 2026
«Конституциялық жаңғыру: халық таңдауы – ел болашағы»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №16 студенттер үйінде Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Конституциялық жаңғыру: халық таңдауы – ел болашағы» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. Іс-шараға университеттің Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы, з.ғ.м., PhD докторант Қанат Насырұлы Алихан арнайы қатысып, мазмұнды дәріс-сұхбат жүргізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстандағы конституциялық жаңғыру үдерісінің мәні мен маңызын, референдум институтының құқықтық табиғатын түсіндіру, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттарды талқылау болды.

Қанат Насырұлы Алихан өз сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындайтын негізгі құқықтық құжат екенін атап өтті. Конституциялық жаңғыру – заман талабына сай саяси жүйені жетілдірудің, экономикалық және әлеуметтік институттарды жаңартудың маңызды тетігі екеніне ғылыми тұрғыдан талдау жасады.

Әсіресе студенттерді конституциялық өзгерістердің адами капиталды дамытуға, білім сапасын арттыруға ықпалы, сондай-ақ Ұлттық құрылтай институтының конституциялық-саяси маңызы ерекше қызықтырды. Сонымен қатар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі нақты жауаптар алды. Қорытындысында қатысушылар спикерге алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудағы рөлі зор екенін атап өтті.