Студенттік стартап-жобалардың байқауы өтті — ҚазҰУ

91ý

Студенттік стартап-жобалардың байқауы өтті

20 сәуір 2026
Студенттік стартап-жобалардың байқауы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Фараби халықаралық форумы аясында студенттік инновациялық стартап-жобалардың байқауы өтті.

Аталған іс-шараны оқу ордасының Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығы өткізді.

Басты мақсат – үздік студенттік бизнес-идеяларды анықтап, оларды идеядан бастап, коммерцияландыру кезеңіне дейін дамытуға қолдау көрсету. Сонымен қатар бастама студенттердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, кәсіби бағдарын айқындауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етуге бағытталған.

Биылғы көрмеге 65 инновациялық жоба ұсынылып, олардың ішінен үздіктері іріктелді. Нәтижесінде алты жоба жеңімпаз деп танылды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенті Самсон Давит иеленді. Жас зерттеуші «iLearn – білім беру жетістіктеріне арналған проактивті AI шешімдерді қолдау жүйесі» атты жобаны әзірлеген.

Екінші орынға Ернар Жолдасов, Бауыржан Сайлауов және Мейір Срайұлы дайындаған «MedAssist экзокостюм арқылы басқарылатын медициналық гуманоид робот-көмекші» жобасы жайғасты. Сонымен қатар Тимур Ерланов пен Анна Шмонинаның «Laminaser – дәрілік препараттардың тұрақтылығын жедел бақылауға арналған оптикалық жүйе» тақырыбындағы жобасы екінші орынды иеленді.

ІІІ орынға Нафиз Мокеррамның, Айым Серікбаева мен Құралай Оңғарованың, сондай-ақ Әмина Бекболатқызының жобалары тұрақтады.

Жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі