ҚазҰУ-да Қытай университеттерінің халықаралық білім көрмесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытайда білім алу және қытай тілі емтиханы» тақырыбында үшінші кезекті ауқымды білім көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға Қытай Халық Республикасының 30-дан астам жетекші жоғары оқу орны қатысып, қазақстандық жастарға өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Көрме барысында мектеп оқушылары мен студенттерге Қытайдың жоғары білім беру жүйесі, академиялық ұтқырлық, гранттық бағдарламалар мен шәкіртақы түрлері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сондай-ақ қатысушылар қытай тілін меңгеру деңгейін анықтайтын халықаралық HSK емтиханының талаптарына қанықты.

Салтанатты шараға ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, ҚХР-дың Алматы қаласындағы білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь, Пекин қытай тілі тестілеу орталығы директорының орынбасары Лиу Хиао Лонг және Фудань университеті халықаралық мәдени алмасу институтының директоры Ло Цзяньбо қатысты.
Жиынды ашқан бірінші проректор Еркін Дүйсенов бұл шараның екі ел арасындағы ғылыми-ағартушылық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті: «Бүгінгі ұйымдастырылып отырған білім көрмесі – жастар үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Қазақстандық талапкерлер үшін шетелде білім алу, тәжірибе жинақтау және жаңа мәдени ортаны тану кәсіби дамудың маңызды бөлігі. Осындай іс-шаралар білім ізденуші жастарға дұрыс таңдау жасауға жол ашады», – деді бірінші проректор.

Өз кезегінде консул Хуан Сяоминь Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жоғары қарқын алғанын алға тартты. «Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық жыл сайын қарқынды дамып келеді. Қытай университеттері шетелдік студенттерге, соның ішінде қазақстандық жастарға кең мүмкіндіктер ұсынады. Біз талантты студенттерді қолдауға, олардың сапалы білім алуына және мәдени алмасуды дамытуға әрдайым дайынбыз», – деді ол.

Көрме аясында талапкерлер қытайлық университет өкілдерімен тікелей сұхбаттасып, оқуға түсу шарттары мен болашақ мансаптық бағыттары бойынша нақты кеңестер алды.










Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі