Жастар дұрыс тамақтануды насихаттауда
Шығыстану факультетінің тәрбие жұмысы бойынша жоспарына сәйкес студенттерге дұрыс тамақтану туралы ақпараттық видео түсіру тапсырылған еді. Студенттер бұл іске үлкен ынтамен кірісті. Сәуірдің 16 күні деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кафедра басшылығынан құрылған кішігірім комиссия түрлі қызықты, тартымды, мазмұнды етіп түсірілген бейнероликтердің ішінен ең жақсыларын таңдап алды. Осы бейнероликтерді декан орынбасары Шәріпқазы Нұртәліп пен Қытайтану кафедрасы менгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Керімбаев Ержан Әбдірайымұлы студенттердің өздерімен отырып көріп талқылады.
Көптеген зерттеулер тағамның сапасы, мөлшері мен құрамы тек әл-ауқат пен сыртқы келбетке ғана емес, сонымен қатар денсаулық деңгейіне және тіпті өмір сүру ұзақтығына да әсер ететінін дәлелдейді. Көптеген адамдар жаңа жолмен тамақтануға тырысқысы келетіні қисынды. Бірақ дұрыс тамақтану әдетін жастар арасында қалай дамытуға болады? Бейне ролик түсірген студенттер осы сұраққа жауап іздеп, өз беттерінше шешімін табуға тырысқан.
Қазақстандағы жастар арасындағы зиянды тамақтану әдеттері — шынайы әрі жүйелі шешімдерді талап ететін мәселе. Тамақтану бойынша мемлекеттік стандарттар, халықаралық серіктестермен бірлескен бағдарламалар және ағартушылық бастамалар — дұрыс бағыттағы қадамдар. Дегенмен, тұрақты өзгерістердің негізінде отбасылардағы және білім беру мекемелеріндегі тамақтану мәдениеті жатыр, оны қалыптастыру бүкіл қоғам үшін басымдыққа айналуы тиіс.