«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ» танымдық дәріс өтті
2026 жылғы 21 сәуір күні сағат 11:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінде «Жаңа Конституция және қазіргі қоғам» тақырыбында мазмұнды әрі танымдық дәріс ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттер мен жас профессор-оқытушылар құрамына Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының мазмұнын, оның қоғамдағы рөлі мен маңызын терең түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру болды.
Дәрісті заң ғылымдарының кандидаты, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессоры Айгаринова Г.Т. жүргізді. Спикер өз сөзінде Конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, олардың қазіргі қоғамның дамуына, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне және заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпалын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Дәріс барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының құрылымы, мазмұны және негізгі қағидаттары кеңінен қарастырылды. Әсіресе, Конституцияның кіріспе бөлімі – преамбулаға ерекше назар аударылды. Спикер преамбуланың тарихи, саяси және құқықтық мәнін түсіндіріп, онда көрсетілген негізгі құндылықтар – тәуелсіздік, бірлік, бейбітшілік, демократия және жалпыұлттық келісім идеяларының қоғам дамуындағы маңызын атап өтті. Преамбула мемлекет пен қоғамның даму бағытын айқындайтын іргелі негіз екені ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, дәріс барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, олардың қорғалуы, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Конституцияда бекітілген нормалардың күнделікті өмірдегі маңызы мен олардың құқықтық тәжірибеде жүзеге асырылуы туралы да мазмұнды ақпарат берілді.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар белсенділік танытты. Студенттер мен жас оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бұл өз кезегінде құқықтық сауаттылықты арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және азаматтық ұстанымды нығайтуға ықпал етті.
Аталған дәріс Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ЦУР) тығыз байланысты. Атап айтқанда, ЦУР 16 – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» аясында құқықтық мемлекет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам қалыптастыру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, ЦУР 4 – «Сапалы білім» мақсатына сәйкес, жастардың құқықтық білімін арттыру, олардың қоғамдық-саяси процестерге саналы қатысуына жағдай жасау мәселелері де қамтылды.
Қорытындылай келе, «Жаңа Конституция және қазіргі қоғам» тақырыбындағы дәріс факультет білім алушылары мен жас оқытушылары үшін маңызды ғылыми-танымдық алаңға айналды. Бұл кездесу қатысушылардың құқықтық дүниетанымын кеңейтіп, Конституцияның қоғам өміріндегі стратегиялық маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.


