«СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ» АТТЫ КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ
2026 жылғы 21 сәуір күні сағат 11:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті, Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында ТДМ 4 (Сапалы білім беру) аясында «Студенттердің құқықтары мен міндеттері» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді. Іс-шараны 2 курс студенттерінің куратор-эдвайзері А.Т. Кыркымбекова ұйымдастырды. Кураторлық сағатқа «Шығыстану» және «Шетел филологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан 2 курс студенттері қатысты.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – университет деңгейінде студенттердің құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру, академиялық ортадағы жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ студенттер арасында ашық пікір алмасу алаңын ұйымдастыру болды. Кураторлық сағат барысында студенттерге жоғары оқу орны қабырғасындағы тәртіп ережелері, білім алушылардың құқықтары, сондай-ақ олардың оқу процесіндегі міндеттері кеңінен түсіндірілді.
Іс-шараның негізгі баяндамашысы Айниддинова Айна өз сөзінде студенттің университетке қабылданған сәтінен бастап оқуын аяқтағанға дейінгі кезеңдегі құқықтары мен міндеттеріне тоқталды. Ол академиялық саясат пен академиялық адалдық саясатының маңыздылығын ерекше атап өтіп, аталған құжаттардың мазмұнын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Баяндамашы студенттердің білім алу барысында әділдік, жауапкершілік және өз еңбегіне адал болу қағидаттарын ұстануы қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар, университеттің академиялық адалдық саясаты аясында плагиатқа жол бермеу, емтихан кезіндегі тәртіп нормаларын сақтау, ғылыми жұмыстарды өз бетінше орындау талаптары кеңінен талқыланды. Бұл қағидаттар білім сапасын арттырумен қатар, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсер ететіні атап өтілді.
Кураторлық сағатқа кафедраның профессор-оқытушылар құрамы да қатысып, өз ой-пікірлерін білдіріп, студенттерге тәжірибелік кеңестер ұсынды. Ашық диалог форматында өткен іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен ерекшеленді.
Абелдаев Ж.
Басқа жаңалықтар