- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Кастамону университеті өкілдерімен халықаралық кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Кастамону университеті өкілдерімен халықаралық кездесу өтті
2026 жылдың 21 сәуір күні, Философия және саясаттану факультетінде Түркияның Кастамону университетінің ректоры Ахмед Хамди Топалмен кездесу өтті.
Факультет деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы қонақтарды факультет ғимаратының тарихымен таныстырды. Сондай-ақ факультетте жуырда ашылған, студенттердің ғылыми ізденістерін жасауға және тынығуына арналған ашық алаң көрсетілді.
Қонақтардың факультетпен танысуы деканның ресми қабылдауымен жалғасты. Кездесуге Кастамону университетінің ректоры Ахмед Хамди Топал, аталған университет ректорының кеңесшісі, доцент Мустафа Өзтүрік Аксаоғлы, факультет деканы Мейрбаев Б.Б., Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Абдирайымова Г.С., Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Насимова Г.О., Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрмаханбетов А.Л., Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Құрманалиева А.Д. қатысты.
Кездесу барысында екі ұжым аралық пікір алмасу орын алды. Өз сөзінде Кастамону университетінің ректоры Ахмед Хамди Топал мырза Қазақстандағы тарихы терең әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында осындай кездесудің өтуіне қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар университетте атқарылып жатқан жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті және болашақ ынтымақтастықтың бағдарлары туралы өз ойын ортаға салды. Өз кезегінде философия және саясаттану факультетінің деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы, Кастамону университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұзақ жылдар бойы әріптесі екенін айта келіп, болашақта жүзеге асуы мүмкін ортақ жобалардың перспективаларын ұсынды.
Кастамону университеті — Түркиядағы жас әрі қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі. Университет 2006 жылы құрылған және қысқа уақыт ішінде көпсалалы білім беру және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Бүгінде оқу орнында әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық бағыттар бойынша кең ауқымды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Кастамону университеті халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, соның ішінде Erasmus+ жобаларына белсенді қатысып, Еуропа мен Азия елдерінің жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстар орнатқан. Университеттің негізгі басым бағыттарының қатарында білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау, сондай-ақ халықаралық рейтингтердегі орнын нығайту мәселелері бар. Сонымен қатар, оқу орнында студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту, шетелдік профессорларды тарту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Ахмед Хамди Топал — жоғары білім беру саласында тәжірибесі мол, білікті зерттеуші және университет басшысы. Ол Кастамону университетінің ректоры ретінде оқу орнының халықаралық байланыстарын дамытуға, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Оның басқару стилі университеттің институционалдық дамуын күшейтуге, заманауи білім беру стандарттарын енгізуге және ғылыми-инновациялық қызметті кеңейтуге негізделген. Сонымен қатар, ол халықаралық серіктестіктерді дамыту арқылы университеттің әлемдік академиялық кеңістікке кірігуіне ерекше мән береді.
Доцент Мустафа Өзтүрік Аксаоғлы — Кастамону университетінің Білім беру факультетінің доценті, ректордың кеңесшісі. Оның ғылыми-зерттеу бағыттарына көпмәдениетті білім беру, болашақ мұғалімдердің өзіндік тиімділігі, білім беру үдерісінде заманауи технологияларды қолдану, сондай-ақ оқыту әдістері мен принциптері жатады.
Кастамону университеті делегациясының сапары екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуға және білім мен ғылым саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл кездесу академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ болашақта қосдипломды бағдарламалар, ғылыми зерттеулер және білім беру бастамалары аясындағы әріптестікті кеңейтуге негіз қалайды.