Ежелгі түркі құпиясы: ҚазҰУ-да Елеке сазы қаған кешені туралы дәріс өттіFarabi University

91ý

Ежелгі түркі құпиясы: ҚазҰУ-да Елеке сазы қаған кешені туралы дәріс өтті

21 сәуір 2026
Ежелгі түркі құпиясы: ҚазҰУ-да Елеке сазы қаған кешені туралы дәріс өтті

2026 жылғы 21 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «XVIII Оразбаев оқулары» халықаралық конференциясы аясында көрнекті археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашевтың «Елеке сазы көне түркі қаған кешені» тақырыбында университет студенттері, магистранттары, докторанттары және оқытушылары үшін көшбасшылық дәрісі өтті.

Дәріс барысында Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы культтік-мемориалдық кешенінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері ұсынылды. Бұл нысан ежелгі түркі дәуірінің «қағандық» типтегі бірегей ескерткіші ретінде қарастырылады. Ерекше назар жоғарғы билікті сакралдандыру және ежелгі түркілердің діни-идеологиялық жүйесіндегі қаған бейнесінің қалыптасу мәселелеріне аударылды.

Лектор кешеннің ғибадатхана бөлігінен табылған олжаларға, соның ішінде алтын, күміс және басқа да материалдардан жасалған бұйымдарға жан-жақты тоқталды. Талқылаудың негізгі өзегі ретінде белдік жиынтығының элементтері, атап айтқанда тақта отырған қағанның және оның қызметшілерінің бейнесі бар алтын қапсырмалар қарастырылды. Бұл бейнелер жоғарғы биліктің нышаны әрі билеушінің құдайлық тегін білдіретін белгі ретінде түсіндірілді.

Сонымен қатар биліктің негізгі атрибуттары – тәж, тақ, тостаған және сәндік ленталар талданып, олардың қағанның сакралдық мәртебесін айқындайтыны атап өтілді. Мұндай бейнелердің сирек кездесетіні және Еуразия далаларындағы археологиялық ескерткіштерде тікелей баламалары жоқ екені айтылды.

Жалпы дәріс ежелгі түркі қоғамының саяси символикасы, діни түсініктері мен көркем мәдениетіне арналды. Ұсынылған материалдар қағанның сакралды әрі мемлекеттік жүйедегі орталық тұлға ретіндегі рөлі туралы ғылыми түсініктерді едәуір кеңейтеді.