ҚазҰУ Қытайдағы CIEET 2026 білім көрмесінде өз әлеуетін таныттыFarabi University

91ý

ҚазҰУ Қытайдағы CIEET 2026 білім көрмесінде өз әлеуетін танытты

22 сәуір 2026
ҚазҰУ Қытайдағы CIEET 2026 білім көрмесінде өз әлеуетін танытты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамында Қытай Халық Республикасында өткен 31-ші China International Education Exhibition Tour (CIEET 2026) халықаралық көрмесіне қатысты. Әлемдік деңгейдегі бұл білім беру алаңы жыл сайын жетекші жоғары оқу орындары мен мыңдаған талапкердің басын қосады. 

Биылғы шара Қытайдың ірі мегаполистері – Пекин, Чэнду, Чжэнчжоу, Ухан және Шанхай қалаларын қамтыды.

Көрме барысында ҚазҰУ делегациясы бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларын, қосдипломды жобалар мен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Сондай-ақ шетелдік қатысушыларға университеттің ғылыми-зерттеу жетістіктері, инновациялық әзірлемелері және Бішкек пен Омбы қалаларындағы филиалдарының жұмысы туралы жан-жақты мәліметтер берілді.

 

 

 

Интернационалдандыру және рекрутинг департаментінің директоры Нұркен Әбдіғали бастаған университет өкілдері әр қалада талапкерлерге арналған консультациялар ұйымдастырып, оқуға қабылдау шарттары мен ҚазҰУ-да білім алудың артықшылықтарын түсіндірді. 

Сонымен қатар іс-шара аясында шетелдік серіктестермен бірқатар келіссөздер жүргізіліп, студенттермен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Университеттің халықаралық бөлімше мамандары жүргізген ақпараттық-кеңестік жұмыстар ҚазҰУ-дың жаһандық білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға және шетелдік талапкерлердің қызығушылығын арттыруға бағытталды. CIEET 2026 көрмесіне қатысу университеттің халықаралық позициясын бекемдеп, шетелдік студенттерді тарту бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін берді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі