ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ ТАҢДА: ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІFarabi University

91ý

ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ ТАҢДА: ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

22 сәуір 2026
ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ ТАҢДА: ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

2026 жылғы 22 сәуір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде «Ашық есік күні» жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға Алматы қаласы мен Алматы облысының жалпы білім беретін мектептері, мектеп-гимназиялар мен лицейлердің бітіруші сынып оқушылары, сондай-ақ кәсіптік бағдар беруге жауапты педагог-мамандар қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – талапкерлерге факультеттің білім беру бағдарламаларын кеңінен таныстыру, шығыстану саласының ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсету, сондай-ақ болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру болды.

Шара барысында Шығыстану факультетінде оқытылатын елдердің мәдениеті мен өркениетін насихаттайтын мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Көрмеде, Араб, Иран, Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қытай, Жапония, Корея елдерінің ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары, кітаптар мен тарихи-мәдени материалдары ұсынылды. Сонымен қатар студенттер аталған елдердің тілдерінде ән шырқап, ұлттық билерін орындап, театрландырылған көріністер көрсетті. Бұл қатысушыларға шығыс халықтарының бай мәдени мұрасын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.

Шараның ресми бөлімінде факультет деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мырзахан Шарипбайұлы Эгамбердиев сөз сөйлеп, факультеттің қалыптасу тарихы, ғылыми әлеуеті және халықаралық байланыстары туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол өз сөзінде факультеттің білім беру бағдарламаларының заманауи талаптарға сай жаңартылып отырғанын, студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелдік жетекші университеттерде білім алу мүмкіндіктері бар екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, кафедра меңгерушілері және факультеттің кәсіби бағдар беру саласына жауапты PhD, қауымдастырылған профессор  Құрманәлі Чакыроглу Алтыншаш Арыстанбекқызы талапкерлерге әрбір білім беру бағдарламасы бойынша жеке-жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқу процесінің ерекшеліктері, шет тілдерін меңгеру деңгейі, кәсіби мүмкіндіктер мен болашақта еңбек нарығындағы сұраныс туралы кеңінен мәлімет берді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Шара соңында қонақтарға факультет ғимаратына экскурсия ұйымдастырылып, оқу аудиториялары, тілдік зертханалар мен ресурстық орталықтар таныстырылды.

Жалпы алғанда, «Ашық есік күні» талапкерлер үшін мазмұнды әрі танымдық іс-шара болып, олардың болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына оң ықпал етті.

 

 

Канафьева Шынар

Деканның оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары